Алматы облысындағы қоқыс полигонында тұтанған өрт бір тәуліктен астам уақыт бойы сөндіріліп жатыр. Алатау ауылы маңындағы «ADC TAZA ALEM» компаниясына тиесілі бұл полигонның жалпы аумағы 35 гектар болса, соның 10 гектары қызыл жалынның астында қалған, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір өртті сөндіру үшін тәулік бойы үздіксіз жұмыс жүргізілуде. «Терең Қара» каналынан екі шақырымға жуық өрт сөндіру рукавы тартылып, су мотопомпамен жеткізіліп отыр. Бұл – апатты тоқтату үшін жасалған шұғыл шаралардың бірі ғана.
Өртті сөндіруге 108 адам және 54 техника жұмылдырылған. Оның ішінде Алматы облысының төтенше жағдай қызметкерлері, Алматы қаласының өрт сөндірушілері, әскери бөлім жауынгерлері, жергілікті атқарушы органдар мен Қазселденқорғау мекемесінің мамандары бар. Әрқайсысы өз мүмкіндігінше жұмылып, полигондағы жалынды ауыздықтауға тырысуда.

Жалпы алғанда, мұндай жағдай еліміздегі тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесінің әлсіздігін тағы да айқындап берді. Қазақстанда жыл сайын миллиондаған тонна қоқыс шығарылады, бірақ оның басым бөлігі қайта өңделмей, осындай полигондарға төгіледі. Ал полигондардың өзі көп жағдайда экологиялық талаптарға толық сай келмейді. Соның салдарынан өрт жиілеп, улы түтін халыққа қауіп төндіреді. Бұл – тек Алматы облысының мәселесі емес, республика көлеміндегі жүйелік проблема.
Осындай төтенше жағдайлар қоғамға да ой салуы тиіс. Қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, жаңа технологияларды енгізу – кешеуілдетуге болмайтын міндет. Әйтпесе, бүгінгі 10 гектарлық өрт ертеңгі күні одан да үлкен апаттарға ұласуы ғажап емес.
ТЖД мамандары жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Бірақ бақылаудан гөрі, алдын алу шаралары маңыздырақ екені анық. Әрбір қоқыс полигоны – жасырын «бомба» іспеттес. Ал біз оны кеш болып, түтіні аспанға көтерілгенде ғана байқаймыз.