Алматы облысының Жамбыл ауданында Астана күні мен Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай Сауырық батыр мен Көкдала ауылдарында су жаңа екі медициналық нысанның салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Николаевич Рожин арнайы қатысып, екі ауылдың тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
Бұл заманауи медициналық қосындар – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында салынды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмекті сапалы және уақтылы көрсетуге жасалған нақты қадам.
Бүгінде Сауырық батыр ауылында 660 тұрғын бар. Қосында 1 фельдшер және 0,5 бірлік кіші мейірбике қызмет көрсетіп, күніне 10 адамға дейін қабылдай алады. Ал, Көкдала ауылында салынған жаңа медициналық нысанның жалпы құны – 124 млн 240 мың теңге. Қазіргі таңда ауылда 400-ге жуық адам тұрады. Қосында 1 фельдшер жұмыс істеп, бұл медпункте күніне 10 тұрғынға дейін қабылдай алады.