Алматы облысының Іле ауданында орналасқан «Фирма БЕНТ» ЖШС базасында «AMANAT» партиясының облыстық көшпелі қоғамдық қабылдауы ұйымдастырылды. Іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өтті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Қоғамдық қабылдауға зауыттың 40-қа жуық қызметкері қатысып, жалақы, еңбек қауіпсіздігі, медициналық қызмет көрсету, жол сапасы, қоғамдық көлік маршруттары мен экологиялық ахуалға қатысты өзекті мәселелерін көтерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қабылдаудың басты мақсаты – еңбек ұжымдарымен тікелей байланыс орнатып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық сұрақтарын жедел әрі тиімді шешуге ықпал ету.
«Әрбір көтерілген мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар жолданады. Бұл – партияның халықпен ашық диалог орнатуға ниетті екенін көрсететін тиімді алаң», – деді ұйымдастырушылар.
Партия өкілдері мұндай қабылдаулар алдағы уақытта өзге де өндірістік кәсіпорындарда жалғасатынын жеткізді. Барлық өтініштер жеке қаралып, шешу жолдары партиялық бақылауға алынады.