Алматыда бір зейнеткер өзін үлкен интернет-алаяқтықтан аман алып қалған полицейлерге арнайы келіп алғыс айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға бірнеше апта бұрын болған. Белгісіз адамдар өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, егде адамға «ақшаңызды қауіпсіз сақтаймыз» деген сылтаумен ірі соманы бергізбек болған. Мұндай сөзді естігенде зейнеткер сасып қалған. Алаяқтар соны пайдаланып, асықтырып қысым жасайды.
Осыдан кейін Алматы қаласы полицейлері жағдайды дер кезінде тоқтатқан. Жедел әрекет нәтижесінде курьер ұсталып, қылмыстық схемаға қатысы бар өзге адамдар да анықталған. Ең маңыздысы зейнеткердің жинаған қаражаты толық қайтарылған.
Зейнеткердің айтуынша, сол күнді әлі ұмытпаған. «Егер полиция дер кезінде көмектеспесе, өмір бойы жинаған ақшамнан айырылар едім» дейді зенеткер.
Қаладағы киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев көпшілікке
– Ешбір мемлекеттік орган қоңырау шалып, «ақшаны қауіпсіз жерге өткізіңіз» деп айтпайды. Ешкім SMS-код сұрамайды. Қауіптің белгісі сезілсе, әңгімені созбай, бірден «102»-ге немесе жақын бөлімге хабарласқан дұрыс, – дейді білікті маман.
Осындай оқиғалардан шығатын бір ғана қорытынды күмәнді қоңырауға сенбеу керек. Алдымен асықпай ойланып, полицияның көмегіне жүгіну ең дұрыс қадам болады.

