Алматының алдағы бес жылда қалай өзгеретіні жайлы қалалық Экономика басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов айтып өтті. Қала дамуы жеті басымдыққа сүйенеді. Ол тұрақты экономикалық өсім, көлік жүйесін дамыту, жайлы қалалық орта, әлеуметтік тұрақтылық, экология, цифрлық трансформация және қауіпсіздік. Яғни, бір ғана салаға жабысып қалмай, қаланың тіршілігін тұтас жаңарту мақсаты тұр, деп жазады Ertenmedia.kz.
2030 жылға дейінгі межелер де түсінікті қойылған. Жалпы өңірлік өнімді екі еселеу, инвестиция көлемін 7 трлн теңгеге дейін жеткізу, шағын және орта бизнестің үлесін 65 пайызға дейін өсіру жоспарланып отыр.
Бұл жерде ерекше назар туризм мен Индустриялық аймақты дамытуға ауып тұр. Қалаға ақша тек құрылыс үшін емес, жаңа жұмыс пен жаңа қызмет түрлерін көбейту үшін керек деген логика байқалады.
Туризм бағытында тау кластеріне нақты тапсырмалар беріліп отыр. Жаяу бағыттар көріктендіріліп, аспалы жолдар кеңейтіледі, тау шаңғысы инфрақұрылымы 5 есеге дейін ұлғаяды. Қалаға келетін қонақ көбейсе, түнеу орындары да керек. Сондықтан 7 мыңнан астам нөмірі бар, шамамен 60 жаңа орналастыру нысанын салу көзделген.
Көлік блогы да көпшілікті қызықтыратын тұс. Жоспарда метро бағытын ұлғайту, LRT іске қосу, жаңа BRT жолақтарын енгізу және қосымша жол салу бар. Осындай шаралар күнделікті жолаушылар ағынын 3 млн адамға дейін жеткізуі мүмкін деп отыр. Қалада көлік емес, адамдардың уақыты қымбат. Уақыт үнемделсе, жұмыс та, оқу да, қызмет те жеңілдейді.
Қала кеңістігі жағынан Алматы полиорталықтық даму моделіне көшпек. Яғни тіршілік бір ғана орталыққа жиналып қалмай, бірнеше белсенді аймақ қалыптасады, жаңа қоғамдық кеңістіктер жасалады. Әлеуметтік салада мектептер, балабақшалар, медицина ұйымдары, мәдениет пен спорт нысандары жаңғыртылады. Қысқасы, жоспардың түйіні біреу: Алматыны 2030 жылға дейін ірі жобалармен ғана емес, күнделікті өмірге тікелей әсер ететін өзгерістермен жаңарту.

