Алматыдағы үш адамның өмірін қиған ауыр апаттан кейін жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы пікірталас қайта өршіді.
Осы тұста бұрынғы Ішкі істер министрі, қазіргі сенатор Марат Қожаев заңнаманы қатаңдату туралы ұсынысын тағы бір мәрте көтерді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қожаевтың айтуынша, тәртіп бұзушылардың барлығын бірдей бақылауда ұстау мүмкін емес. Әр жүргізушінің артына бір-бір полиция қызметкерін қоюға ресурстар жеткіліксіз.
«Мен осы ұсынысымды бірнеше рет айттым, тағы да қайталап отырмын. Бізде жол қозғалысын жүйелі түрде бұзатындар бар, олардың үлесі шамамен 5–6 пайызды құрайды. Қалған 90 пайызы тәртіпке бағынатын азаматтар, олардан тіпті камералар да сирек тәртіп бұзушылықты тіркейді», – деді депутат.
Сенатордың пікірінше, заңды жиі бұзатын дәл осы жүргізушілерге қатысты қатаң шара қабылдау керек. Ол нақты 3 бастаманы ұсынды:
- Жүйелі ереже бұзушылар үшін 50 пайыздық айыппұл жеңілдігін алып тастау;
- Көлік жүргізу куәлігінен айырып, міндетті қайта емтихан тапсыруды енгізу;
- Шетелдік тәжірибедегідей қосымша тексеру және арнайы психологиялық тесттер қолдану.
Қожаев Германиядағы тәжірибені мысалға келтіріп, онда ережені қайталап бұзатын жүргізушілерге психологиялық тест өткізу міндеттелетінін еске салды. Депутаттың пікірінше, қоғамда мұндай қатаң шараларға наразылық туындауы мүмкін, бірақ жол қауіпсіздігі үшін осы бастамалар аса маңызды.
«Мұндай қадамдарды сынға алушылар табылады. Десе де, жолдағы адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы өзгерістер өте қажет», – деп қорытындылады Қожаев.
Қызығы, сенатор Қожаевтың бұған дейін арақ-шарап ішіп рөлге отырған жүргізушілердің жазасын жеңілдету мәселесін көтерген еді. Қазіргі тәртіпке сай, мас күйінде көлік тізгіндеген адам 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Депутаттар пікірінше, бұл мерзім өте ұзақ, әрі талай адамның негізгі табыс көзін шектеп, отбасын асырауында қиындық туғызып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







