Алматыда жер сілкінісі кезінде ескерту жүйесі толық іске қосылып, халық шұғыл эвакуацияланды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Түске жақын тіркелген жер асты дүмпуінің ошағы Қытай аумағында орналасқан. Ондағы магнитуда 6,7 балл болса, Алматыда шамамен 3 балдық тербеліс сезілді.
Қалалық әкімдік өкілі Ілзат Ақчуриннің мәліметінше, барлық ескерту жүйесі штаттық режимде жұмыс істеген.
Қала тұрғындары Mass Alert арқылы ұялы телефондарына хабарлама алса, көшедегі дауыс зорайтқыштар мен сиреналар да дер кезінде қосылған.
«Сауда орталықтарында, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында шұғыл эвакуация жасалды. Халық ғимараттардан тез арада көшеге шығарылды. Эвакуациялау кезінде ешқандай дүрбелең немесе кептеліс байқалмады», – деді Ақчурин.
13:10 шамасында полиция патрульдері мен құтқарушылар қаланы аралап, ғимараттардың қауіпсіздігін тексеруге кірісті. «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналары мен гидротехникалық құрылымдарды мұқият қарап жатыр.
«Қала инфрақұрылымы қалыпты жұмыс істеп тұр. Әзірге зардап шеккендер немесе ғимараттардың бүлінгені туралы ақпарат жоқ», – деп нақтылады әкімдік өкілі.
Метрополитен уақытша тоқтатылған. Төтенше жағдай мамандары метроны қауіпсіздік мақсатында толық тексеруден өткізуде. Тексеріс аяқталып, арнайы рұқсат алынған соң, пойыздар қозғалысы қайта жанданады.
Сейсмологтар ахуалдың тұрақталғанын, алдағы уақытта күшті жер сілкінісі күтілмейтінін айтты. Мұны Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық бақылау ұлттық орталығы директорының орынбасары Ерік Әліпұлы растап берді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Министрдің месседжі: Балаева Telegram-дағы бүркеншік есімдерді анықтауға кірісті

