Алматыда жалпы білім беретін мектептердегі бітіру кештеріне қатысты үлкен дау туындады. 30 жылдық тәжірибесі бар кәсіби қаржыгер, 11-сынып оқушысының анасы президент Тоқаевқа үндеу жолдап, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар комитетінің қарапайым отбасыларға аса қымбат кешті мәжбүрлеп отырғанын ашық айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шағым авторының айтуынша, әр түлектен бітіру кешіне 200-300 мың теңге көлемінде ақша жинау қалыпты жағдайға айналған. Көпбалалы және қарапайым отбасылар үшін мұндай шығын ауыр жүк.
«Мен қаржыгермін, бюджетті есептей аламын және барлық тәуекелдерді жақсы білемін. Бізден әр оқушы үшін 200 мың теңгеден аса ақша сұрап отыр, ал кей мектептерде тіпті одан да көп. Ең сорақысы, бұл қаржының қайда жұмсалатыны белгісіз, шығындар ашық көрсетілмейді, балалардың пікірі де ескерілмейді», – дейді алматылық ана өз үндеуінде.
Ол қаржы шығынын өздігінен тексеріп, қаражатты үнемдейтін және сапасы жағынан артық балама ұсынып көргенін, алайда мектеп басшылығы мен білім басқармасы ұсынысын қарауға құлықсыз екенін атап өтті.
Оған үнемдеуді ұсынған сайын, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар комитеті психологиялық қысым көрсетіп, «балаңызды ойлаңыз» деп жауап қайтарған.
«Маған үнемі айтылатын сөз: «Балаңызды ойлаңыз». Мен дәл осыны істеп отырмын! Біздің балаларымыз ақша жинау мен шығынның ашық болмауын қалыпты жағдай деп қабылдамауы керек. Балалар мен ата-аналарға қысым жасау өрескел қателік. Мектептердегі іс-шаралар шығыны ақылға сыйымды, орынды және ашық болуы керек», – деп атап өтті белсенді.
Оның айтуынша…
Білім басқармасы мектептің ақша жинауға қатысы жоқ дегенімен, қаражат жинау дәл мектеп қабырғасында және сынып чаттарында жүреді. Сондықтан да ол осы мәселеде мектептің тікелей қатысы бар екеніне сенімді.
«Мен сізге («Еститін мемлекет» концепциясына сеніп) соңғы үмітіммен жүгініп отырмын. Мені және мен сияқты көптеген ата-ананы тыңдайсыз деп сенемін», – деді ол үндеуінде.
Ата-аналар жыл сайын қайталанатын «мектептегі салыққа» Президент араласса ғана бұл мәселе шешіледі деген үмітте. Олар бір ғана кешке зор көлемдегі ақшаны күштеп жинау тоқтайды деп сенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







