Бүгін Алматы қаласындағы Бостандық ауданындағы үйдің ауласында әскери оркестр ойнап, Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі әрі ұстаз Бибігүл Төлегенованы мерекемен қатар туған күнімен де құттықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құттықтауға Бостандық ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметкерлері мен Құрлық әскерлері әскери институтының өкілдері қатысып, гүл шоғын және арнайы құттықтау хатын табыстады.
Көрініс бір қарағанда қарапайым. Аула, оркестр, қысқы күн. Бірақ мағынасы терең. Бибігүл Ахметқызы концертті үйінің терезесінен тамашалады. Жымиып қарап тұрды. Сол сәтті тек туған-туысы ғана емес, ауладағы көршілер де бірге көрді.
Көпқабатты үйдің тұрғындары да оркестрдің әуеніне құлақ түріп, мерекелік көңіл күйге бөленді. Әскерилердің ниеті анық: сахнада талай буынды тәрбиелеген тұлғаға ел атынан алғыс айту.
Әнші әскери формадағы азаматтарды әрдайым жылы қабылдайтынын жеткізіп, мерекеге орай ізгі тілегін айтты.
– Форма киген азаматтарға құрметім бөлек. Қызметтеріңізге рақмет. Елімізде тыныштық болсын, әр шаңыраққа денсаулық пен береке тілеймін, – деді Бибігүл Төлегенова.
Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген туған күн осылайша бір аулада, бір әуенмен, бір жақсы сөзбен айшықталды. Осындай сәттер көпшілікке де ой салады: өнерді бағалау ұранмен емес, нақты ықыласпен көрінеді.
