Алматыда автобус пен тепловоз соқтығысты, салдарынан зардап шеккендер бар, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға салдарынан жеті адам зардап шеккен.
«Жапа шеккен 80 жастағы бір науқас оң жақ қабырғаларының сынығы, білек сүйегі сынығы диагнозымен қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жатқызылды. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланады», — деп жазылған хабарламада.
Тексерістен соң бес науқасқа шұғыл ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Олар тұрғылықты жері бойынша бекітілген емханаға амбулаторлық бақылауға жіберілді.
Бір науқас Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Оқиғаға қатысты полиция да пікір білдірді.
«Жеке тасымалдаушыға тиесілі 88-бағыттағы автобус Әуезов көшесімен солтүстік бағытта Гоголь көшесінің солтүстігінде батысқа қарай теміржол бойымен келе жатқан тепловозбен соқтығысқан. Оқиға салдарынан қоғамдық көлікте болған 6 жолаушы зардап шекті. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Оқиғаның басқа мән-жайлары анықталып жатыр», — деді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, оқиға бүгін таңертеңгі уақытта болған.