Алматыда 4-клиникалық аурухананың базасында көп ағзалық донорлыққа байланысты күрделі медициналық процесс жүрді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының мәліметіне қарағанда, донор 1967 жылы туған ер адам болған, дәрігерлер оған ми өлімі диагнозын қойған. Отбасы жақындарымен кеңесіп, ағзаларын басқа науқастарға беруге келісім бергеннен кейін мамандар жүрек, бауыр және екі бүйректі алу операциясын ұйымдастырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үйлестіру жұмыстары алдын ала жоспар бойынша жүріп, әр трансплантаттау бригадасы өз науқасына уақытында жеткізу үшін бірлесіп әрекет етті.
Жүрек Алматыдағы «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында» 1967 жылы туған пациентке қондырылды. Дәл осы жылы туған тағы бір науқасқа бауыр «А. Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында» трансплантатталды.
Оң бүйрек 2006 жылы туған жас реципиентке берілді, ал сол бүйрек 1990 жылы туған пациентке салынды. Бүйрекке мұқтаж адамдардың қатары көп екенін ескерсек, бір донордың екі бүйрегінің де іске жарап, екі адамға бірдей үміт сыйлауының мәні айқын көрінеді.
Ресми дерек бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда ағза күту парағында 4521 пациент тіркелген, олардың ішінде 106 бала бар. 2025 жылдың алғашқы 10 айында ғана трансплантаттауды күткен 272 адам қайтыс болып, тізімнен өшірілген. Орта есеппен алғанда, күн сайын бір адам донор табылмағаннан өмірден өтіп жатыр деген сөз.
Соған қарамастан, 2025 жылдың 12 айында қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан бар болғаны 14 жағдай тіркелген, осының аясында 60 ағза трансплантаттауы жасалған. Сандарды салыстырғанда, қажеттілік пен нақты жасалып жатқан операциялар арасындағы алшақтық айқын сезіледі.
Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситқазинов әр донорлық жағдайдың артында үлкен ұжымдық еңбек тұрғанын айтады. Оның сөзінше, мұндай сәтте дәрігерлер, үйлестірушілер, зертханалар, санавиация және бірнеше минут ішінде іске қосылатын басқа да қызметтердің жұмысы тоғысады.
– Ең маңыздысы донор отбасының шешімі. Сол кісілердің батылдығы мен келісімінің арқасында жылдар бойы кезекте тұрған адамдарға өмір сүруге мүмкіндік туады. Қазақстанда ағзаларға қажеттілік өте жоғары деңгейде қалып отыр, мыңдаған пациент әлі де трансплантаттауды күтіп отыр, ал біз күн сайын дерлік көмектесе алатын адамдарды жоғалтып аламыз. Сондықтан әр құтқарылған пациент жай ғана медициналық жетістік емес, қайта оралған адам өмірі, – дейді ол.
Мамандар донорлық мәдениетін арттыру, қоғамға нақты цифрлар мен өмірлік мысалдарды түсіндіру аса маңызды екенін жиі алға тартады. Алматыдағы осы көп ағзалық донорлық жағдайы бір адамның шешімі мен дәрігерлердің кәсіби жұмысы арқасында төрт түрлі науқасқа үміт бергенін көрсетіп отыр. Ағза жетіспеуі мәселесін шешу үшін тек медицина саласының мүмкіндігі жеткіліксіз, қоғамдағы түсінік те өзгеруі қажет деген пікір күшейіп келеді.

