Алматыда бейбіт жиналыстар, шерулер мен пикеттер өткізу үшін орындарды ауыстыру туралы түзетулер жобасы талқылауға ұсынылды, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы Мәслихатының шешімінде айтылған.
«Адамдар тобының жақын орналасуы жұмысына кері әсер етуі мүмкін аумақтар мен объектілердің барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы орынды Шоқан Уәлиханов атындағы скверден Амангелді Иманов атындағы скверге ауыстыру қажет», – деп жазылған Алматы мәслихаты шешімінің жобасында.
Сондай-ақ, Шевченко көшесінен Жамбыл көшесіне дейінгі шеру маршруты орнына Гагарин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейінгі жаңа маршрутты бекіту жоспарланған. Билік бұл ұйғарымға кептелісі аз, көлік көп жүрмейтін жол болған соң келген.
Сонымен қатар, «СарыАрқа» кинотеатрының артындағы алаң сыйымдылығын 500-ден 1000 адамға дейін өзгерту ұсынылды.
Құжат 24 шілдеге дейін қоғамдық ашық талқылауға ұсынылған.