Алматыда «Заң мен Тәртіп: медиацияның қоғамдағы маңызы» тақырыбында конференция өтті. Бұл жиын бір күндік басқосу үшін ғана ұйымдастырылған шара емес, бірнеше айға созылған жұмыстың қорытынды кезеңі болды. Конференция Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырған әлеуметтік жоба аясында өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға қала прокуратурасы мен полиция өкілдері, медиаторлар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және қоғам белсенділері жиналды.
Медиация тек заңгерлерге ғана керек құрал емес. Ол тұрмыстық дау, еңбек дауы, көрші арасындағы түсініспеушілік, кәсіпкерлік келіспеушілік сияқты күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайларға қатысты.
Конференция барысында медиацияның қоғамдағы рөлі ашық талқыланды. Қазір көп адам дау шықса, бірден сотқа жүгінуді дұрыс көреді. Бірақ сот ұзақ, жүйке жұқартатын процесс. Ал екі тарап та жеңіске жетпей қалатын жағдайлар жиі болады. Медиация осы тұста балама жол ретінде ұсынылады. Мұнда басты шарт – екі жақтың да келісімі. Бірі ұтты, бірі ұтылды деген түсінік болмайды. Мәселе ортақ шешіммен аяқталуы керек.
Жиында құқықтық мәдениетті нығайту мәселесі де сөз болды. Құқықтық мәдениет деген тек заңды білу емес. Ол бір-бірін тыңдай білу, эмоцияға берілмей, мәселені ақылмен шешуге тырысу. Медиаторлар өз тәжірибесінен мысал келтіріп, кейде үлкен жанжалға айналуы мүмкін даулардың бір үстел басында-ақ тарқап кететінін айтты. Әсіресе отбасы, көрші, шағын бизнес арасындағы дауларда медиацияның пайдасы көп екені айтылды.
Конференция форматы да ресми баяндамамен шектелмеді. Пікір алмасу, сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар нақты сұрақ қойды. «Медиацияға кімдер келе алады?», «Ол ақылы ма?», «Шешім заңды күшке ие бола ма?» деген сауалдар қойылды. Мамандар бұл сұрақтарға ашық жауап беріп, медиацияның қалай жұмыс істейтінін қарапайым тілмен түсіндірді. Кейбір қатысушылар бұрын естімеген дүниесін осы жерде алғаш рет білгенін жасырмады.
Жобаның негізгі мақсаты да осы болды. Қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, медиация институтын дамыту, дауларды бейбіт жолмен шешудің баламалы тәсілдерін насихаттау және келісімге келу мәдениетін қалыптастыру.
Бұл сөздер қағазда жақсы көрінеді, ал іс жүзінде ол адамның күнделікті мінез-құлқына байланысты. Егер адам әр дауды сотпен шешуге тырыспай, алдымен сөйлесіп көруге дайын болса, қоғамдағы кернеу де азаяды.
