Алматы қаласында өндіріс пен экологияны қатар дамытуға бағытталған тағы бір маңызды бастама қолға алынып жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркияның «Köksan Holding» компаниясының бас директоры Мурат Кёкоглу екеуара кездесуде өнеркәсіп пен қоршаған ортаны қорғайтын маңызды жобаны талқылады. Тараптар Алматыда пластик қалдықтарды қайта өңдейтін және ПЭТ-преформа шығаратын заманауи зауыт салуға уағдаласты. Бұл жоба қаланың оңтүстік-батысындағы Алатау ауданында жүзеге асырылмақ.
15 гектар жерге орналасатын өндіріс орны – көлемі де, салмағы да бар жоба. Ол толық қуатына шыққанда жылына 80 мың тонна ПЭТ-преформа және 24 мың тоннаға дейін қайта өңделген пластик өнімдерін шығаратын болады. Бұндай көрсеткіш Қазақстан бойынша ғана емес, бүкіл Орталық Азия нарығы үшін маңызды ресурс көзіне айналтыны сөзсіз. Сонымен қатар зауыт 138 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Бұл – қала экономикасы үшін де, тұрғындардың табыс мүмкіндігі үшін де тиімді қадам.
Шетелдік инвестиция көлемі 44 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Бұл – тікелей инвестиция, яғни ел экономикасына жаңа қаржының келуі ғана емес, сонымен бірге жаңа технологиялар мен басқару үлгілерінің де келуі деген сөз. Инвестор – халықаралық нарықта тәжірибесі бар «Köksan Holding» компаниясы. Бұл кәсіпорын Түркияда ғана емес, өзге мемлекеттерде де экологиялық және өндірістік жобалармен танымал. Сондықтан Алматыда іске асқалы отырған жобаның болашағынан үміт күтуге негіз бар.
Дархан Сатыбалды қаланың даму стратегиясы туралы айта отырып, экологиялық қауіпсіздік пен қалдықты қайта өңдеу жүйесінің маңыздылығын атап өтті. Соңғы жылдары Алматыда қалдықты бөлек жинау, қайта өңдеу үлесін арттыру және экологиялық инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Ал ұсынылған жоба осы бастамаларға берік тірек болмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша Алматы әкімдігіне қарасты салалық басқармаларға жобаға толық қолдау көрсету жөнінде тапсырма берілді. Бұл – әкімдік тарапынан инвесторға деген нақты сенім мен мүдделілік бар екенін көрсетеді. Әрі бұл келісім өндіріс пен экологияны үйлестіруге деген жаңа көзқарастың белгісі.