Ойын бизнесіне қатысты депутаттық сауал төңірегінде қоғамда түрлі пікір қалыптаса бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өз сауалының БАҚ пен интернет ресурстарда кеңінен тарағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – қоғамдық маңызы бар тақырыпқа медианың назар аударғанының көрінісі. Алайда қазақ тілінде жолданған сауалдың орыс тіліне аударылған нұсқаларында бірқатар дәлсіздік кеткен. Сол себепті депутат Бірыңғай есеп жүйесіне (БЕЖ/ЕСУ) қатысты қосымша түсініктеме беруді қажет деп санаған.
Депутаттың мәлімдеуінше, ресми деректерге сүйенген қосымша талдау мен уәкілетті органдар өкілдерімен жүргізілген кеңес нәтижесінде бұған дейін жарияланған кей ақпараттардың бұрмаланып түсіндірілгені анықталған. Әсіресе жүйе енгізілген жағдайда заңды бизнеске түсетін салық көлемі күрт азаяды деген пікір расталмаған.
Қазіргі таңда Бірыңғай есеп жүйесі толық іске қосуға дайындық кезеңінде тұр. 15 тамыздан бастап интернет кеңістігін бақылауға арналған пилоттық жоба іске қосылған. Оның құрамында жасанды интеллект элементтері бар. Жүйе тәулігіне 800-ге дейін заңсыз сайтты автоматты түрде бұғаттай алады. Бұрын мұндай жұмыс қолмен атқарылғанда бірнеше айға созылатын. Алдағы уақытта бұл технология жетілдіріліп, заңсыз платформаларды анықтау және шектеу мүмкіндігі кеңейтіледі.
Жүйенің негізгі мақсаты – Қазақстандағы ойын индустриясын ашық әрі бақыланатын ортаға көшіру. Сонымен қатар заңсыз онлайн-казино мен құмар ойын сайттарының қызметін шектеу арқылы лудоманияның таралуына тосқауыл қою көзделген.
БЕЖ аясында азаматтарды сәйкестендіру де маңызды бағыт ретінде қарастырылған. Яғни заң бойынша ойынға қатысуға тыйым салынған тұлғалардың (21 жасқа толмағандар, борышкерлер және арнайы тізімдегі азаматтар) қатысуына жол берілмейді.
Жүйенің операторы – Туризм және спорт министрлігіне қарасты «Оператор ЕСУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл толық мемлекеттік ұйым болып саналады. Цифрлық платформаның барлық зияткерлік меншік құқығы да осы операторға тиесілі. Сонымен қатар жүйе аясында қаржы операцияларын бақылау арқылы ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы талаптардың орындалуы да қадағаланады.
Депутат мәліметінше, деректер қауіпсіздігі мәселесі де толық ескерілген. Жүйенің серверлері «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының инфрақұрылымында орналасады. Яғни ақпараттың сыртқа шығу тәуекелі жоққа шығарылған.
Алдағы кезеңде заңнамаға жаңа өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Депутат бастамасымен букмекерлік компаниялардың айналымынан 3 пайыз көлемінде мақсатты аударым енгізу ұсынылған. Оның 1 пайызы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, тағы 1 пайызы SportQory спортты дамыту қорына, қалған 1 пайызы Ұлттық олимпиадалық комитет жанындағы қорға бағытталмақ. Бұл қаражат әлеуметтік және спорттық жобаларды қолдауға жұмсалады.
Контекст
Сонымен қатар депутат бұған дейін айтылған «Оператор ЕСУ» мен жобаға қатысы бар құрылымдардың шетелдік санкциялық субъектілермен байланысы бар деген ақпараттың расталмағанын мәлімдеді. Бұл мәселе бойынша да қосымша тексерулер жүргізілген.
Ермұрат Бапи алдағы уақытта Бірыңғай есеп жүйесінің іске асу барысын тұрақты бақылауда ұстайтынын және мемлекеттік органдардан келген ресми жауаптарды жариялап отыратынын жеткізді.
Жалпы алғанда, БЕЖ жобасы ойын бизнесін көлеңкеден шығарып, бірыңғай ереже қалыптастыруға бағытталған. Нәтижесінде бюджет түсімі артып, саладағы ашықтық күшейеді деген күтілім бар. Алайда мұндай жүйенің тиімділігі оны іске асыру сапасына және қоғамдық бақылауға тікелей байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







