Қазақстан экономикасы жыл басынан бері тұрақты өсім көрсетіп отыр. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы өсім 6,3 пайызды құрады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алайда бұл көрсеткіш барлық өңірде бірдей емес. Абай, Ұлытау және Атырау облыстары әлі де жоспарланған деңгейге жете алмай отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов аталған өңірлердің әкімдеріне жұмысты жеделдетуді тапсырды.
«Көрсеткіші төмен облыстар жағдайды жақсарту үшін барлық мүмкіндігін пайдалануы тиіс», – деді премьер-министр.
Оның айтуынша, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде негізгі салаларға басымдық беру қажет. Әсіресе өндіріс, құрылыс, сауда және көлік бағыттары экономиканың негізгі драйвері болуы тиіс.
Бектенов өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше тоқталды. Оның пікірінше, шикізатты ғана экспорттау жеткіліксіз, қосылған құны жоғары өнім шығару маңызды.
«Терең өңдеуге көшу керек. Ішкі және сыртқы нарықта сұранысы жоғары өнім өндірісіне басымдық берген жөн», – деді ол.
Үкімет отырысында әлеуметтік тұрақтылық мәселесі де қаралды. Премьер-министр жыл соңына дейін коммуналдық тарифтер көтерілмейтінін мәлімдеді.
«Бағаны тұрақтандыру және инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдау қажет», – деді ол.
Инвестиция тарту мәселесінде де бірқатар кемшілік бар. Жылдық жоспардың 93,3 пайызы орындалғанымен, тоғыз өңір белгіленген межеге жете алмаған.
Осыған байланысты Үкімет басшысы инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуді, транзиттік тасымалды арттыруды және ауыл шаруашылығы мен ішкі сауданың әлеуетін толық пайдалануды тапсырды.
Жалпы, экономикадағы өсім сақталғанымен, өңірлер арасындағы теңсіздік әлі де өзекті мәселе болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







