Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі мемлекет қайраткері, академик Бақытжан Жұмағұловтың «Тайталас тағдыр» кітабының тұсаукесері өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шараны Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин жүргізіп, кітаптың бүгінгі қоғам үшін өзектілігін атап өтті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын сенатор Нұртөре Жүсіп, ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын вице-министр Талғат Ешенқұлов жеткізді. Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғалымдар қауымы атынан жылы лебіз білдірді.
Жиынға көрнекті ғалымдар, жазушылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Бірғаным Әйтімова, Уәлихан Қалижан, Қансейіт Әбдезұлы сынды тұлғалар кітаптың маңызына тоқталды.
Автордың айтуынша, еңбек ұзақ жылдар бойы жазылып, әлі жалғасып келеді. Онда білім-ғылым, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибелері, өмірлік тәлім алған тұлғалары туралы баяндалған.
«Тайталас тағдыр» кітабы тәуелсіз Қазақстанның саяси, әлеуметтік және рухани өмірінен сыр шертетін, елдік мүдде мен ұлттық құндылықтарды қамтитын шынайы туынды. Автор өзі куә болған тарихи кезеңдер мен ел дамуына ықпал еткен шешімдерді ашық жазған.
Бақытжан Жұмағұлов академик, профессор, Сенат депутаты, Ұлттық инженерлік академияның президенті, Түркі әлемі математиктерінің жетекшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







