«Медеу» мұз айдынында өткен салтанатты рәсімге Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қоғам және мәдениет қайраткерлері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, танымал спортшылар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көк байрақты көтеру рәсімінде дәстүр бойынша әскери-оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Ту ілінген тұғырдың биіктігі – 40 метр, ал көлемі – 7×14 метр.
Еске сала кетейік, Республика күні қарсаңында қала әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыстады. Марапатталғандар қатарында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтар бар. Сондай-ақ, Республика сарайында мерекелік концерт өтті.

Бүгін Алматыда түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Республика сарайының алдында «Атамекен» атты патриоттық акция, Жібек жолы көшесінде қолөнершілер мен суретшілер жәрмеңкесі, экологиялық бастамалар және өзге де мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған.
Бұған қоса, сағат 18:00-де Республика күніне орай «Көктөбе» телемұнарасы мерекелік сәулеттік жарықпен көмкеріледі.

