Алматыда 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалы аумағында қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге орай ұйымдастырылған,— деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Қалпына келтіру жұмыстары арнайы комиссияның тексерісі нәтижесінде басталды. Комиссия мемориалдағы гранитті және тас плиталардың, сондай-ақ кеспе тастың тозу деңгейін бағалады.
Мемориалдық кешенге 50 жыл болды, осы уақыт ішінде оның гранитті жабындысы, тас тақталары мен кеспе тастары айтарлықтай тозған, жарықтар мен кей жерлерде бұзылу белгілері пайда болған. Бұл аумақта соңғы 20 жылда жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, сондықтан мемориалдың тарихи келбетін сақтай отырып, оны бастапқы қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.
Қалпына келтіру жұмыстары Даңқ мемориалының орталық бөлігі – «Мәңгілік алау» тұғырының гранитті тастарын құммен тазалауды қамтиды. Сонымен қатар, гранитті тақтатас тазаланып, жаңартылып, мемориалдық кешен мен Вознесенск соборы арасындағы кеспе тас ауыстырылады. Жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың сәуір айында аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл бастамаға Кеңес Одағының Батыры, әйгілі қолбасшы Иван Панфиловтың немересі – Алуа Байқадамова да қолдау білдірді.
«Мәңгілік алаудағы» тақталар 50 жыл бойы жауын-шашын, қар, аптап ыстық және температураның ауытқуынан зардап шекті. Алматыда ауа райы күрт өзгереді. Соңғы 15 жылда мемориалдың бұзылуына скейтбордшылар, самокатшылар мен велосипедшілер де үлес қосты. Оларға ескерткішке мән бермеді. Осы факторлардың барлығы гранит тақталардың жарылуына алып келді. Тақта астындағы бетон іс жүзінде құмға айналғаны да анықталды. Қазіргі таңда зақымданған бетон қабаты алынып, арматура жаңартылып, қираған тақталар ғана ауыстырылып жатыр», – деп жазды Алуа Байқадамова әлеуметтік желіде.
28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ – тарихи-сәулет және мемориалдық кешен. Ол 1942 жылы Мәскеуді қорғауда ерлікпен қаза тапқан 28 панфиловшы батырдың құрметіне аталды. Ал мемориалдық кешен 1975 жылы 8 мамырда, Ұлы Жеңістің 30 жылдығында ашылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың күзінде саябақтың Қазыбек би көшесі мен Панфилов ескерткіші маңындағы аумағы жөндеуден өтті. Бұл жердегі тақталар, пандустар және баспалдақтар әбден тозып, жаңартуды қажет етті. 500 шаршы метр аумақта гранитті тақталар төселіп, пандустар орнатылып, жаңбыр суын ағызу жүйесі жүргізілді.