Алматыдағы әйгілі «Жібек жолы» базары сүрілмек. Қалалық әкімдіктің шешіміне қарсы жүздеген кәсіпкер бас көтеріп, жағдай ушығып барады деп жазады Ertenmedia КТК арнасына сілтеп.
Саудагерлердің сөзінше, әкімдік оларға небәрі үш күн бұрын ғана ескерту қағазын ұстатқан.
Енді базардағы мыңнан астам кәсіпкер қала басшылығынан тым болмаса бір жыл уақыт сұрап отыр.
Көп жыл бойы базарда асхана ашып, кәсібін жүргізіп келген жалғызбасты ана Марал Жақсылыққызы үшін бұл хабар ауыр соққы болған. Ол асханасын төрт ай бұрын ғана несиеге алыпты.
«Үйім банкте кепілде, мойнымда алты кредитім бар. Қазір сауда орнымды тастап кете алмаймын. Қолымызға бензин алып, өзімізді өртейміз дегендер көп», – дейді кәсіпкер әйел.
Көлік бөлшектерін сататын саудагерлер де күйзелісте. Олардың айтуынша, әкімдік ешқандай түсіндіру жұмыстарын жүргізбестен дүңгіршіктерді сүрмекші.
«Қанша адам осы жерден бала-шағасын асырап отыр. Біз заңсыз әрекет жасап жатқан жоқпыз, еңбегіміз адал», – дейді ашынған кәсіпкер Әбдіразақ Кенжебаев.
Базар басшысы Азамат Құлмаханбеттің айтуынша, базардағы сауда орындарының басым бөлігі заңдастырылмаған және жолдың қызыл сызығында орналасқан. Қазір бұл аумақты түгел жаңартып, модернизация жасау жоспарланған.
Бірақ жүздеген кәсіпкердің тағдырына қатысты нақты шешім әлі жоқ. Базар әкімшілігі де кәсіпкерлерді қуып шығудың оңай емес екенін мойындайды.
Әкімдік өкілдері мен сот орындаушыларының сөзіне сүйенсек, базарды бұзу туралы шешім былтыр шыққан. Базар басшылығына бірнеше рет ескерту жасалғанымен, олар нұсқаманы орындамаған.
Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Әлібек Түлбасиев: «Тексеру кезінде базарда ешқандай заңды құжат жоқ болып шықты. Сол себепті әкімшілік шара қабылданды», – дейді.
Кәсіпкерлер болса, қала әкімдігі талаптарын орындамаса, күреске дайын екендерін жеткізді.