Қазақстан қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Алматыда Ресей қорғаныс ведомствосының басшысы Андрей Белоусовпен кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Кездесу ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қорғаныс министрлері кеңесінің 85-ші отырысы аясында өтті. Екі елдің қорғаныс министрлері өңірлік қауіпсіздік, әскери кадрлар даярлау және әскери-патриоттық тәрбие мәселелерін талқылады.
Тараптардың пайымдауынша, келіссөз қорытындысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы стратегиялық әріптестікті тереңдете түседі.
Кездесу соңында Қазақстан мен Ресейдің қорғаныс ведомстволары 2026 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Министр Дәурен Қосанов биыл жазда Қазақстанда өткен «Айбын» әскери-патриоттық жиынын ұйымдастыруда Ресей тарапы көрсеткен қолдауға алғыс білдірді. Айта кетерлігі, шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналған болатын.
«Бұл жиын жастар арасында достық пен түсіністікті нығайтудың тиімді құралы. 2026 жылы «Айбын» жиынын Щучинск қаласында өткізу жоспарда бар. Осы шараға Ресейдің жастарын қуана қарсы аламыз», – деді министр.
Сонымен қатар, Дәурен Қосанов Беларусь қорғаныс министрі Виктор Хренинмен де жүздесті. Тараптар әскери саладағы өзара әріптестіктің негізгі бағыттарын талқылап, екі елдің ынтымақтастығының табысты дамып жатқанын атап өтті.
Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Беларусь қорғаныс ведомстволары арасында да 2026 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспары қабылданды.
 Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз. 

 
		
