Ел өңірлеріндегі журналистиканы жаңаша өркендетіп, жергілікті БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатуды мақсат еткен Бас редакторлар клубы стратегиялық әрі республикалық мәртебесі бар Алматы қаласына арнайы өкіл бекітті деп жазады Ertenmedia.
Осы маңызды қызметке белгілі медиаменеджер, «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы тағайындалды.
Алматының ақпарат кеңістігінде жаңа медиажобаларды іске асыру міндеті енді Қалымбайұлының мойнына жүктелмек.
Ержан Қалымбайұлы отандық журналистикадағы танымал тұлғалардың бірі. Түркияның Ыстамбұл университетінің докторанты, түрік және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.
Ол журналистік жолын Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бастап, кейінірек «Қазақстан РТРК» АҚ, «Жебе», «Айқын» газеттері, «Хабар агенттігі», «Qazaq radiosy», «Еларна» телеарнасы сияқты белді ақпарат құралдарында жауапты қызметтер атқарды.
Қалымбайұлы «ULYS» халықаралық диджитал журналы мен ulys.kz ақпараттық-сараптамалық сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы ретінде де танымал. Сонымен қатар, ол халықаралық ұйымдарда, мемлекеттік қызметте де мол тәжірибе жинаған.
2023 жылдан бері Ержан Қалымбайұлы басшылық етіп келе жатқан «Alatau Aqparat» медиахолдингі Алматы қаласының ақпараттық келбетін қалыптастырып отырған «Аlmaty akshamy», «Вечерний Алматы» газеттері мен «аqshamnews.kz», «vecher.kz», alnews.kz сайттарын біріктіріп отыр.
Бас редакторлар клубының басшысы, сенатор Бибігүл Жексенбай Ержан Қалымбайұлының жаңа қызметіне табыс тілеп, Алматы аймағының медиакеңістігін креативті дамытуға қатысты бастамаларына сәттілік білдірді.