Алматыдағы № 1 облыстық балалар үйіне қатысты тағы да дау шықты. Облыстық Білім басқармасы жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Білім басқармасының мәліметінше, Алматы қаласындағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау өңірлік орталығы» КММ ғимараты апат жағдайында тұруына байланысты тәрбиеленушілерді Қонаев қаласындағы жаңа, заманауи балалар үйіне көшіру туралы шешім қабылданған.
«1963 жылы салынған ғимарат әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған. 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС жүргізген техникалық зерттеу нәтижесінде ғимараттың тірек құрылымдарында жарықтар анықталып, жылу және сумен жабдықтау жүйелері толық тозғаны және қайта қалпына келтіруге келмейтіні анықталған. Нысан санитарлық, өрт қауіпсіздігі және құрылыс талаптарына сәйкес келмейді», — деп жазылған хабарламада.
2025 жылғы 9 шілдеде шыққан Алматы облысы әкімінің және 2025 жылғы 10 шілдедегі Білім басқармасының бұйрығы негізінде тәрбиеленушілерді кезең-кезеңімен 180 орындық жаңа балалар үйіне көшіру жұмыстары басталған. Бұл нысан жеке инвесторлардың қаражатына салынған және мемлекет меншігіне сыйға берілген.

«Жаңа ғимарат балаларға арналған мекемелерге қойылатын заманауи стандарттар мен талаптарға толық сәйкес келеді. Алдымен 1–4-сыныптарда оқитын 44 бала көшіріледі. Ересек тәрбиеленушілердің көшірілуі білім беру үдерісінің тұрақтылығы мен әлеуметтік бейімделуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қазір мекемеде 171 бала тәрбиеленіп жатыр, олардың 125-і — жетім балалар, 46-сы — өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар. Мекемеде 85 қызметкер, оның ішінде 42 педагог жұмыс істейді», — деп жазылған хабарламада.
Алматы облысы әкімдігі
Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттарға байланысты Білім басқармасы мынадай пікір білдірді:
«Барлық тәрбиеленуші тұратын жеріне қарамастан, тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі және заңнамаға сәйкес тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы. Мекеме орналасқан аумақта батпақты жер бар деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл жағдай балалардың құқығын шектемейді. Қонаев қаласындағы жаңа мекемеге көшіру балалардың қауіпсіздігін, сапалы білім мен медициналық қызмет алу құқығын және жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған», — деп жазылған хабарламада.