Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Үлкен Алматы өзеніндегі жөндеу жұмыстары кезінде қолды болған гранит тақтайшаларға қатысты қатаң бақылау енгізіп, істі құқық қорғау органдарына тапсыратынын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін қоғам белсендісі Санжар Боқаев әлеуметтік желіде өзен жағасынан алынған гранит тастардың әкімдік қоймасына емес, құлпытас жасайтын шеберханаға жеткізіліп жатқанын хабарлаған еді.
Осы мәселе бойынша құрылыс алаңына арнайы барған қала басшысы мердігерлерге нақты талап қойды.

Әкім заң бойынша құрылыс басталған сәттен бастап, бүкіл материалдардың сақталуына мердігер жауап беретінін еске салды. Сондықтан ол гранит тастарының ұрлануына байланысты істі тікелей бақылауға алып, құқық қорғау органдарын араластыратынын жеткізді.
Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, енді мердігер компаниялар жұмысшылар мен техниканың санын күн сайын қалалық құрылыс басқармасына есеп беріп отыруға міндетті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы экология басқармасының басшысы Үлкен Алматы өзеніндегі жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгені үшін қатаң сөгіс алған болатын.
Қала басшысы жақында жаңбырдан кейін жолы опырылып түскен Аманжол көшесіне де арнайы барды. Оқиға салдарынан 13 көлік зақымданған еді. Дархан Сатыбалды аталған көшеде жөндеу жұмысын жүргізген мердігерлерге зардап шеккен көлік иелеріне келтірілген шығынды толығымен өтеуді тапсырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімі асфальт жабындыларының опырылуы мен жол төсеніштерінің жөнсіз ауыстырылуына байланысты Әуезов, Медеу аудандарының әкімдеріне және қалалық экология басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялаған еді.
Ал Бостандық ауданы әкімінің орынбасары бақылауды дұрыс жүргізбегені үшін қызметінен босатылды. Қазіргі таңда асфальттың ойылуы мен гранит тақтайшалардың ұрлануы бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр.