Алматыда қоқыс контейнерлерін пластикке ауыстыру қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Былтыр басталған бастама биыл айтарлықтай ауқым алған. Тіпті бірнеше ай бұрын ғана темір контейнерлерге арналып абаттандырылған алаңдарға да пластик бактар қойылуда. Тұрғындар мұның мәні мен мақсатын түсінбей отыр.
Көпшілік көкейіндегі сауалға жауап берген қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, пластик контейнерлер әлдеқайда сапалы әрі сыртқы келбеті де тұрпайы емес.
Оның сөзіне қарағанда, сыйымдылығы бес текше метрлік жаңа бактарға сәйкес келетін арнайы техника алынған. Биыл қала бойынша үш мыңға жуық контейнер орнатылған. Жұмысты 20 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қытайлықтар салады деген қоқыс өңдеу зауыты туралы сауалға Сматлаев нақты ақпарат бере алмады.
«Келісімге қол қойылды, қазір қытай тарапы жоба қағаз-құжатты мұқият сараптап жатыр. Барлық техникалық мәселе пысықталған соң құрылыс басталады деп ойлаймын. Нақты мерзімді айту қиын. Шамалап алғанда алдағы үш жыл ішінде салынып қалар», – деп тұспалдады әкімдік өкілі.
Еске сала кетсек, биыл тамызда Алматыда қытайлық Junxin Environmental Protection компаниясы қоқысты қайта өңдеп, одан энергия өндіретін зауыт салуға ниетті екені хабарланған болатын.

