Алматы полициясы қала жолдарындағы бақылауды күшейтіп, соңғы үш тәулікте бес мыңнан аса тәртіп бұзу дерегін анықтады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай қатаң шаралар қала көшелеріндегі қауіпті жүргізушілер санының күрт өсуіне және түнгі жарыстардың жиілеуіне байланысты қолға алынып отыр. Полиция департаменті жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтау үшін профилактикалық шараларды «нүктелі әрі нақты» жүргізуде.
Үш күн ішінде қалада мас күйінде көлік жүргізген 43 адам ұсталды. Олардың барлығы көлік жүргізуден уақытша шеттетілді. Құжаты жоқ 369 жүргізуші жауапқа тартылып, арнайы айып тұрағына 94 автокөлік жөнелтілді.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері жылдамдықты асыру деректеріне ерекше назар аударуда. Тек соңғы күндері Алматыда екі мыңнан астам жүргізуші белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін жазаланды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, кейбір тәртіп бұзушылар жол ережесін елемей қана қоймай, өз әрекеттерін видеоға түсіріп, әлемжеліде таратады. Қазір мұндай роликтердің әрқайсысы мұқият тексеріліп, авторлары жауапқа тартылуда.
Жақында…
Әл-Фараби даңғылында көпшілікті дүрліктірген оқиға тіркелді. Жүргізуші көлігін сағатына 250 шақырымға дейін екпіндеткен. Оның кім екені жедел анықталып, бірнеше бап бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен тәртіп бұзушы 10 тәулікке қамалды.
Жол қозғалысын қадағалауды күшейтуге 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған ауыр апат себеп болған. Полицияның мәліметінше, батысқа бағыт алған Zeekr электрокары жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып кетіп, шығысқа қарай беттеген Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде қаза тапты. Қыздардың жасы небәрі 20 және 22-де еді. Zeekr жүргізушісі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі таңда оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен тергеу амалдары жалғасып жатыр. Аталған бап бойынша кінәлі адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алматы полициясы қала тұрғындарын жол ережесін қатаң сақтауға шақырып, өз өмірлері мен өзгелердің қауіпсіздігіне жауапты болуды ескертті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







