Алматыда балаларды тегін үйірмелер мен секцияларға жазу науқаны басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекеттік тапсырыс аясында өтетін науқанға өтінімдер кезең-кезеңмен, қаланың әр ауданы бойынша жеке қабылданады.
Damubala платформасының өкілдері мұндай тәсіл жүйеге түсетін жүктемені азайтып, ата-аналарға қолайлы жағдай туғызатынын айтады.
Бірінші кезең 30 қыркүйекте сағат 11:00-де басталып, өтінішті Әуезов ауданының тұрғындары бере алады. Сол күні кешке, сағат 18:00-де, өтінім қабылдау Медеу ауданы бойынша жалғасады.
1 қазанда таңғы сағат 11:00-де Жетісу ауданының, ал сағат 15:00-де Алатау ауданының тұрғындары үшін кезек ашылады. Түрксіб ауданының тұрғындары 2 қазан күні сағат 15:00-де өтінім бере алады.
«Үйірмелер мен секцияларға орын саны шектеулі, олар тек бөлінген бюджеттің шегінде анықталады. Сондықтан ата-аналардан өтініш беру ережелерімен мұқият танысып, жүйені өздері пайдалануды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Өтініш қабылдау үдерісі ашық әрі әділ жүруі үшін полиция қызметкерлері арнайы бақылау жасайды.
Қалған аудандар үшін өтінім қабылдау мерзімі қосымша хабарланады.

