Алматы қаласында «Алма-Арасан» – термалды бұлақ туристік бағытын жаңарту жобасының екінші кезеңі аясында 2025 жылғы 3 маусым мен 3 шілде аралығында жол уақытша жабылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Шектеу «Алма-Арасан» маңындағы автотұрақтан бастап термалды бұлаққа дейінгі жолға, сондай-ақ «Қыздың көз жасы» сарқырамасы мен «Терра» алқабына апаратын бағытқа да қатысты болмақ.
Құрылыс-монтаж жұмыстары аясында ескі көпірлер жаңартылып, жаңа соқпақтар мен баспалдақтар, демалыс инфрақұрылымы орнатылады. Жоба қала тұрғындары мен туристер үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы экологиялық бағыт қалыптастыруды көздейді.
Айта кетейік, мамыр айында тау бөктері қауіпті тастардан тазартылып, қорғаныш торлар мен анкерлік құрылымдар орнату жұмыстары басталған болатын.
Алматы әкімдігі тұрғындардан серуен жоспарларында уақытша шектеулерді ескеруді сұрайды. Жол жөндеу жұмыстары 2025 жылғы 31 шілдеге дейін аяқталады деп жоспарлануда.