Саясаткер Санжар Боқаев пен адвокат Мұрат Адам Алматы әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап етіп, митинг ұйымдастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Боқаев пен Адамның айтуынша, Досаев басшылыққа келгелі Алматы қаласының дамуы кері кеткен.
Белсенділердің пікірінше, қалада бұрыннан жақсы тұрған жиектастар қайта-қайта жаңартылып, бюджеттің қыруар қаржысы тиімсіз игерілуде.
Сонымен қатар қаладағы ретсіз әрі тығыз құрылыстың қарқыны артқан, жасыл желек аяусыз оталып жатыр, жаңа автобустардың қаңқасы қоқыс алаңында тұр.
Митинг ұйымдастырушылары метроның жаңа станцияларын салу мерзімінің созылып кету қаупі бар екенін де еске салды. Олардың айтуынша, қалада жемқорлық деңгейі еселеп өскен.
«Алматыда жүйелі қателіктер орын алып отыр, басқару тиімсіз, коррупциялық тәуекел жоғары.
Бұл біздің ойдан шығарған сөзіміз емес, ревизиялық тексерістердің нақты қорытындылары.
Біз, алматылықтар, сүйікті қаламыздың көз алдымызда талан-таражға түсіп, талқандалуына бейжай қарап отыра алмаймыз. Сонымен қатар ерекше назар аударатын мәселе бар «Алматы әкіміне қарсы митингті» өткізу мәселесін әкімнің өзі қарайды екен. Бұл мүдделер қақтығысы емес пе?» – дейді митингті ұйымдастырушылар.
Еске сала кетейік, Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып 2022 жылдың қаңтар айында тағайындалған болатын. Содан бері қала басшысы бірнеше рет сынның астында қалған.
Жуырда Алматыға келіп кеткен президент Тоқаев қала әкімінің жұмысын қатаң бақылап отырғанын айтқан болатын.