Алматыда білім алатын 30 мың студент Қонаев қаласына қоныс аударады деп хабарлайды Ertenmedia.
Жоспар бойынша, Қонаев қаласында аймақтағы ең ірі академиялық қалашық Qonayev Academic Campus бой көтермек. Алматы облысының әкімдігі осы қадам мегаполистің әлеуметтік инфрақұрылымына түсетін салмақты жеңілдетуге көмектеседі деп отыр.
Аумағы 100 гектар жерге орналасатын студенттер қалашығының жалпы құрылыс алаңы 550 мың шаршы метрді құрайды.
Жобада оқу ғимараттары, заманауи жатақханалар, профессор-оқытушылар құрамына арналған тұрғын үйлер мен пәтерлер, ірі кітапхана орталығы, спорт кешендері және аймақтағы ең үлкен бассейндердің бірі салынады.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталып, 2029 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Жалпы құны 959 миллион долларды құрайтын алып жобаның негізгі инвесторы қытайлық Qingdao Shangheshi Oil Energy Co., Ltd компаниясы.