Алматы тұрғындары қала ортасында бой көтеретін 40 қабатты зәулім ғимараттың құрылысына қарсы шығып, биліктен бұл жобаны тоқтатуды талап етуде, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қала жұрты RAMS Beyond Almaty тұрғын үй кешенінің орнына саябақ ашу туралы бастама көтеріп, әкімдікке арнайы петиция жолдаған.
Тұрғындардың айтуынша, Тимирязев пен Сейфуллин көшелері қиылысындағы бұл аумақ онсыз да көлік кептелісінен көз ашпай тұр. Тығыз салынған ғимараттардың ортасында демалатын орын да, көлік қоятын тұрақ та қалмаған.
«Осындай жағдайда биіктігі 40 қабат болатын тұрғын үй кешені мен оның айналасына тағы бес онқабатты ғимарат салу ауданға жасалған қиянат», – дейді бастамашыл топ өкілдері.
Жергілікті халық қоғамдық тыңдаудың ережесі бұзылғанын да ашық мәлімдеп отыр. Олардың айтуынша, тыңдауға көпшілік шақырылмаған, хаттамасы жарияланбаған.
Сондай-ақ бұл кешен биліктің «тоғыз қабаттан жоғары ғимарат салынбасын» деген шектеуіне қайшы келеді.
Тұрғындардың талабы айқын: жер телімі жасыл аймақ болып қалсын, ал биік ғимарат салуды қаланың басқа бөлігіне мысалы, Абай даңғылынан төмен орналасқан инфрақұрылымы әлсіз аудандарға ауыстыру керек.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв осы жобаны қатты сынға алып, «қаланы өлтірумен тең» деп бағалаған болатын.