Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, Алматыдағы ауа сапасын жақсарту жоспары туралы айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Біз 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламаны әзірледік және өнеркәсіптік шығарындыларды азайту, сондай-ақ, көлік секторын реттеу есебінен айтарлықтай нәтижелерге қолжеткізе аламыз деп үміттенеміз», — деп атап өтті ол.
Алматыда әлемдегі ең ірі мегаполистердің үлгісі бойынша автотұрақ құнын арттыру, сондай-ақ, шығарындылары төмен аймақтарды (Low-emission zone) құру жоспарланып отыр. Бұл мәселе қоғамдық кеңес пен мәслихаттың талқылауына ұсынылмақ.
«Қазіргі экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтін автомобильдер үшін мұндай аймақтарға кіру ақылы болады деп болжанып отыр. Алайда электромобильдер мен экологиялық таза көлік иелеріне шектеулер әсер етпейді», — деп жазылған ақпаратта.
Сонымен қатар, әкім қалада мобилділікті жақсарту үшін жерасты және жерүсті жедел қоғамдық көлікті дамытудың, сондай-ақ, ауысып отыру тораптарын салудың маңыздылығын атап өтті.