Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, шаһардың алдағы даму бағыты туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкім президентке қаланы дамытудың негізгі басымдықтары ретінде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын көтеруді белгілегенін мәлімдеді.
Президент Тоқаев жаңа әкімге Алматының тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуді, экономикасын әртараптандыруды, инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғыртуды тапсырды.
Сондай-ақ жол-көлік жүйесін ретке келтіріп, экологияға қатысты қордаланған мәселелерді шешуді ерекше атап өтті.
Бұған дейінгі қала әкімі Ерболат Досаев 24 мамыр күні қызметінен босатылып, оның орнына Дархан Сатыбалды тағайындалған болатын.
Айта кетелік, Алматы қаласының әкімі боп тағайындалған Дархан Сатыбалды қызметінің негізгі қағидасы ашықтық, әділдік және тұрғындармен шынайы диалог екенін мәлімдеген.
Оның айтуынша, мегаполис саясатын дұрыс жүргізу үшін тұрғындармен кері байланыс үзілмеуі керек, әрі әкімдік шешімінде ашықтық қажет.
«Алматы – тез өзгеріп, дамып жатқан қала. Сондықтан әкімдік пен қала тұрғындары арасында тұрақты әрі ашық диалог болуы маңызды.
Мен бұдан былай аудандарды тек арнайы дайындалған, алдын ала келісілген маршруттармен араламаймын.
Кабинет? Қаланың шынайы өмірімен танысу үшін аула, мектеп, базар мен көшелерге күтпеген жерден барып, жағдайды көзбен көруге тырысамын», – деген еді Сатыбалды.
Сондай-ақ су жаңа әкім Алматыда «еститін мемлекет» тұжырымдамасын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыруға уәде берген.