Алматы қаласында пеш, газ, қатты отын пайдаланатын үйлер аз емес, ал қыс түскенде қауіп те қатар жүреді. Осы себепті Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жеке секторды аралап, тұрғындарға жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану тәртібін түсіндіріп, қажет жерлерге газ бен көміртек тотығын анықтайтын датчиктер орнатып жатыр. Кезекті алдын алу шарасы Ақбұлақ шағынауданында өтті. Бұл аумақта әлі газ жүйесіне толық қосылмаған үйлер бар, сол себепті тексеріс пен түсіндіру жұмысы бірінші кезекте осы жақтан басталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
ТЖД қызметкерлері мұндай профилактикалық шараларды ұдайы жүргізіп келеді. Әсіресе демалыс күндері жұмыс күшейеді. Себебі тұрғындар үйде болады, есік ашық, сөйлесуге мүмкіндік бар. Мамандар бір үйді тексеріп кетумен шектелмейді. Пештің жағдайын қарайды, мұржаның тазалығына назар аударады, газ бен қатты отынмен жұмыс істейтін құрылғылардың жарамдылығын сұрайды. Қауіпсіздік талаптары қағаз жүзінде емес, нақты мысалмен түсіндіріледі.
Алматы қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Константин Канин қыс мезгілінде қауіптің күшейетінін ашық айтады.
– Жылыту құрылғысын дұрыс пайдаланбау өртке де, улануға да әкелуі мүмкін. Сол себепті жүйелерді қараусыз қалдырмау, уақытында тексеріп отыру маңызды. Әсіресе үйде кішкентай бала болса, қауіпсіздікке екі есе мән беру қажет, – дейді білікті маман.
Ақбұлақта өткен шара барысында ТЖД мамандары «QazaqGaz Aimaq» АҚ компаниясының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеді. Тұрғындарға газ қауіпсіздігі жайлы түсіндіріліп, үйлерге датчиктер орнатылды. Бұл құрылғылар үй ішінде газ немесе көміртек тотығы тарай бастаса, белгі беріп, газ беруді тоқтататын қақпақшаға сигнал жібереді.
Газ компаниясының апаттық-диспетчерлік қызметінің жетекші инженері Сұлтанбек Байғазиев құрылғының қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп, мұндай датчиктерді орнату үшін тұрғындар газ жабдығына қызмет көрсететін ұйымдарға жүгінуге болатынын еске салды.
– Бір күннің өзінде мамандар 60 жеке үйді аралап, 10 көміртек тотығы датчигін орнатқан. Бұл тек бір шағынаудандағы жұмыс. Жыл басынан бері МИБ, ПИК және кондоминиумдармен бірлесіп 165 жиналыс пен кездесу өткізіп, оған 2 771 адам қатысқан. Мұндай кездесулерде тұрғындар сұрақ қойып, нақты жағдайын айтып, кеңес алады, – дейді Сұлтанбек Байғазиев.
Қалада бұл бағыттағы жұмыс бұрыннан жүріп келеді. 2018 жылдан бері қала және аудан әкімдіктерінің қолдауымен алматылықтардың үйлеріне 1 628 көміртек тотығы датчигі орнатылған. Қосымша тағы 642 құрылғы сатып алынып, оларды орнату жұмыстары қала аудандарында жалғасады. Әсіресе ең осал аймақтарға басымдық беріліп отыр.
Бұл жұмыстардың бәрі бір мақсатқа бағытталған. Өрт қаупін азайту, улану жағдайының алдын алу, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасау. Қауіпсіздік деген үлкен сөз кейде осындай шағын құрылғыдан басталады. Уақытында орнатылған датчик пен дұрыс түсіндірілген ереже талай отбасының амандығын сақтап қала алады. Алматыда осы бағыттағы жұмыс тоқтамайды, себебі жеке сектордағы қауіпсіздік – қала тыныштығының бір бөлігі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

