Қазақстан экономикасы әлі де мұнайға тәуелді, бюджет пен экспорт «қара алтынның» бағасына байлаулы қалып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономист Асқар Исмаилов премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің «мұнай-газ саласының ел экономикасындағы үлесі 2010 жылғы 16,5%-дан биыл 8,1%-ға дейін азайды» деген сөзін сынға алды.
Сарапшының сөзінше, ЖІӨ-нің үлесі теңгемен есептелгендіктен, бұл мәлімдеме шынайы ахуалды көрсетпейді.
Қазақстан соңғы онжылдықта бірнеше рет девальвация мен инфляцияны бастан кешті. Brent мұнайының бағасы 2011–2013 жылдары 100 доллардан асып, 2015 және 2020 жылдары құлдырап кеткені белгілі. Яғни, мұнайдың экономикадағы үлесі тек өндіріс көлеміне емес, оның нарықтағы бағасына да тікелей тәуелді болып тұр.
«Министрдің сөзіне қарап, экономиканың мұнайға деген тәуелділігі азайды деп сену әлі ерте. Экспорттың негізгі бөлігін мұнай құрайды. Бюджетіміздің тұрақтылығы, ұлттық валютаның бағамы бірінші кезекте Brent бағасына байланған», – дейді Исмаилов.
Оның пікірінше, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласы біршама өскенімен, басты өсім металлургия мен шикізат өңдеу бағытында байқалады. Бұл экономика шикізаттан алыстамағанының дәлелі.
«Мұнай бағасы ұзақ уақытқа 60 доллар деңгейінде тұрақтаса, ұлттық валюта мен бюджетіміз шынайы сынаққа түседі. Міне, осы кезде ғана экономиканың диверсификацияланғанын білуге болады», – дейді сарапшы.
Сөзін қарапайым мысалмен түйіндеген Исмаилов: «Менің алты балам бар. Бұрын жалғыз өзім асырайтынмын. Қазір екі үлкен балам да жұмыс істейді, бірақ тапқандары өздерінен артылмайды. Отбасында жұмыс істейтін адамдар формалды түрде үш есе артқанымен, табысымыздың негізгі көзі әлі де – менің жалақым. Міне, министр мырза, біздің экономикамыз да дәл осындай халде тұр», – деді.
Ең қызығы, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзін «жаңа салық реформасының әкесі» деп атаған болатын. Шендінің қымбатшылық болмайды деген болжамы орындалмай, жаңа жыл бастала саласымен барлық жерде баға күрт көтеріліп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

