Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миландағы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, сенсация жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қысқа бағдарламада бесінші орынға тұрақтаған спортшы еркін бағдарламада айдынында нағыз шеберлік көрсетіп, қарсыластарын шаң қаптырды. Шайдоров техникалық тұрғыда аса күрделі бес бірдей төрттік секіру элементін мінсіз орындап, 198,64 ұпай еншіледі. Қос бағдарлама қорытындысы бойынша жинаған 291,58 ұпаймен ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Қазақстандық спортшы жапониялық Юма Кагияма (280,06 ұпай) және тағы бір жапон спортшысы Шун Сато (274,90 ұпай) секілді мықты бәсекелестерінен басым түсті.
Ал турнирдің басты фавориті саналған америкалық Илья Малинин шешуші сәтте қателіктер жіберіп, сегізінші орынмен шектелді.
Жетістік Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтын медалі ретінде тіркелді. Бұған дейін жалғыз алтынды 1994 жылғы Олимпиадада шаңғышы Владимир Смирнов әкелген еді. Сонымен қатар Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып отыр. Бұған дейінгі үздік нәтиже 2014 жылғы Сочи ойындарында Денис Тен иеленген қола жүлде болатын.
Шайдоровтың жеңісі Қазақстан спортындағы тарихи оқиға. Милан мұзында еліміздің әнұраны шырқалып, көк туымыз биікке көтерілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

