«Қазақстан темір жолы» компаниясы Қытай шекарасындағы жүк пойыздарының кідіру себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
2025 жылдың қазан айынан бастап Қазақстаннан Алтынкөл станциясы арқылы Қытайға жөнелтілетін пойыздар саны тәулігіне 14-тен 10-ға дейін, ал кей күндері тіпті 6 пойызға дейін азайған.
Компанияның хабарлауынша, мәселе Қытайдың тиісті органдары Қазақстаннан жеткізілетін астық жүктерін тереңдетілген түрде тексеріп жатқанымен байланысты. Тексеру кезінде астық сынамасы алынып, Үрімжі және Бейжіңдегі зертханада сараптамадан өтеді. Процесс орташа есеппен 5-10 күнге дейін созылуда.
«Қазіргі жағдай Қазақстанның теміржол инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ салып отыр.
Қытай бағытында экспорттық және транзиттік жүгі бар шамамен 3 мың вагон жиналып қалды. Бұл Қытай жағына жоспар бойынша өткізілетін вагондардың белгіленген нормативінен бірнеше есе көп.
Ал вагондарды қабылдау көлемі бұған дейін Қытай тарапымен толық келісілген болатын», – деп атап өтті ҚТЖ баспасөз қызметі.
Осыған байланысты «Қазақстан темір жолы» контейнерлік пойыздар арқылы экспортталатын астық жүктерін қабылдауға уақытша технологиялық шектеу енгізуге мәжбүр болды. Компания мәліметінше, енді тәулігіне астық тасымалдайтын үш құрамнан артық қабылданбайды.
«Мұның бәрі мәжбүрлі әрі уақытша қабылданған шара. Оның басты мақсаты жүктерді жөнелту процесін Қытайдағы қабылдаушы тараптың нақты мүмкіндігіне сәйкес реттеу. Жалпы алғанда, Қазақстанның теміржол желісі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр және тасымал көлемі расталған жүктерді толық көлемде қабылдауға дайын», – делінген компания хабарламасында.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Шухраттың ширақ шешімі: Eurasian Bank мемлекеттің ақшасын қайтара бастады

