Өңірде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымының тозуы өткір мәселе ретінде көтерілуде. Облыстағы ескі әрі апатты жағдайдағы өрт деполарының жай-күйі Қонаев қаласында өткен «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысында талқыланды. Жиын барысында нақты ұсыныстар айтылып, жауапты органдарға бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Рахман Каримжанның айтуынша, бірнеше нысан қазіргі өрт қауіпсіздігі талаптарына мүлде сәйкес келмейді.
– Облыс бойынша бірқатар өрт сөндіру нысаны күрделі жөндеуді немесе жаңадан салуды қажет етеді. Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы өрт депосы 1951 жылы салынған. Балқаш ауданындағы Бақанас ауылындағы депо 50 жылдан астам уақыттан бері жөндеу көрмеген. Жалпы, алдағы үш жылда облыста 6 жаңа өрт депосын салу көзделген. Олардың қатарында Байдібек би, Қарғалы, Қонаев және Алатау қалалары бар. Сонымен бірге Бақанас, Талғар, Ақши, Шонжы және Қонаев қаласындағы 5 нысанға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Дегенмен құжаттарды заңдастыру мен қаржы бөлуге қатысты кешігулер бар, – деді ол.
Фракция төрағасы Лаззат Тұрлашов та бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, нақты шешім қабылдау қажеттігін айтты.
– Төтенше жағдайлар департаменті Қонаев қаласы мен Бақанас ауылындағы өрт деполарының күрделі жөндеуін 2025 жылдың соңына дейін толық аяқтауы тиіс. Сонымен қатар, Қонаев қаласында 4 шығуға арналған жаңа өрт депосының құрылысына жер телімі бөлінуі қажет. Шелек пен Аралтөбе ауылдарындағы өрт бекеттерінің құрылысын да жеделдету керек. Бұл аса маңызды мәселе. Сондықтан әр жобаның мерзімінде және сапалы орындалуы біз үшін басым міндет, – деді Лаззат Тұрлашов.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде 12 өрт сөндіру депосын салу, 13 нысанға күрделі жөндеу жүргізу, 22 өрт бекетін құру және төтенше жағдай кезінде халықты жедел хабардар етуге арналған 438 сирень-сөйлеу қондырғысын орнату көзделген.
Партия фракциясы бұл міндеттердің орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.