«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің көшпелі жиыны өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Сайрам ауданындағы тұрмыстық қалдықтар полигонына мұнай қалдықтарының заңсыз көмiлуі, аудандағы құм-тас каръерлерінің Ақбай-Қарасу су қорына кері әсері мен оның экологиялық салдары талқыланды.
Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, экологиялық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Бақытжан Әбдешев, аудан прокуроры Бақытжан Байғозиев, партия өкілдері мен жергілікті қоғам белсенділері қатысты.
Жиынды ашқан Алтынсары Үмбетәлиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған тапсырмалардың маңыздылығына тоқталды.
– Сайрам ауданы халық тығыз орналасқан, экологиялық ахуалы күрделі өңірдің бірі. Тұрмыстық қалдықтарды жою мен каръерлерді пайдалану мәселесі өте өзекті. Әсіресе, Қарамұрт ауылындағы каръерге мұнай қалдықтарының заңсыз көмілгені үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Жергілікті су қорының ластану қаупі жоғары, жедел әрі нақты шаралар қабылдауымыз қажет, – деді Алтынсары Үмбетәлиев.
Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев Қарабұлақ және Манкент елді мекендеріндегі тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайын, сондай-ақ каръерлердің лицензиялануы туралы баяндады. Әкімнің мәліметінше, мұнай қалдықтары көмілген аумақ Ақбай-Қарасу су қоры бассейнінде орналасқан.

Облыстық экология департаментінің басшысы міндетін атқарушы Нұрбек Садықов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Бақберген Калдыбеков және облыстық полиция департаментінің өкілі Бегімхан Ахметов орын алған жағдайға қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады.
Алайда кеңес мүшелері экология департаменті мен бассейндік инспекция өкілдерінің қызметіне қатаң сын айтты. Әсіресе, ластану деңгейін кәсіби бағалау мен жедел шаралардың тиісті деңгейде жүргізілмей отырғаны атап өтілді.
Сондай-ақ кеңесте жер қойнауын заңсыз игеру салдарынан өзендердің су деңгейі төмендеп, арналардың бұзылғаны, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық талаптарға сай еместігі ерекше айтылды.
Отырыс қорытындысында экологиялық кеңес мүшелері арнайы комиссия құрып, мұнай қалдықтары төгілген аумақты жан-жақты зерделеуге шешім қабылдады. Келесі жиынға құқық қорғау органдарының жауапты өкілдерін шақыру ұсынылды.
Көтерілген экологиялық мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып, олардың орындалуын бақылау «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына тапсырылды.
Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылдық округінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты іске қосылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

