Алматыда қаржы пирамидасына байланысты атышулы істің шеті көріне бастады. Көп жыл бойы «Amir Capital» деп аталған халықаралық инвестициялық қордың ширығып өрбіген жұмысы ақыры қылмыстық іс ретінде тіркелді. Қаржылық мониторинг агенттігі қорға қатысты тергеу амалдарын бастады, ал сот шешімімен күдіктілердің 10 миллион доллардан астам криптоактивтері мен Алматы облысындағы бір жер телімі бұғатталған.
Компания өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде көрсетіп, үш жыл бойы Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан азаматтарын тартқан. Әдемі жарнаманың астында «ай сайын 5-10% табыс береміз» деген уәде тұрды.
Жобаның басындағылар халыққа криптовалюта саудасы, майнинг және түрлі инвестициялық жобаларға салымдар туралы сенімді әңгіме таратты. Сайттағы тіркелу жүйесі реферальды сілтемелер арқылы жүріп, адамдар танысының кеңесімен кіріп отырды. Әркім «Amir Wallet» деп аталатын арнайы электронды әмиянға USDT, BTC, ETH сияқты криптовалюталарды салып отырған.
Алайда бұл схема классикалық пирамиданың көлеңкесінен алыс емес еді. Алғашқы салымшыларға төленген пайыздар кейінгі қатысушылардың ақшасынан жабылып отырған. Қарапайым тілмен айтқанда, жаңа келгендер ескілерін асырады. Жүйе осылай үш жылға созылды. 40 мыңнан астам адам осы ойынның ішінде қалған.
Ал 2021 жылдың соңында компания ақша шығару операцияларын тоқтатып, «техникалық ақаулар» деген сылтау айтты. Уәде берілген «жақын арада қайта ашамыз» деген сөздер бос сөз болып қалды.
Ең сорақысы, бұл жобаға сеніп, соңғы ақшасын, кейбірі үйін сатып немесе несие алып салғандар да болды. Психологиялық тұрғыда қаржы пирамидалары әрқашан адамның үмітіне, тез пайда табу арманына ойнайды. Бүгінгі жағдай да соның дәлелі. Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де азаматтар зардап шеккен. Мұндай схемалардың артында кімдер тұрғанын тергеу анықтай жатар, бірақ қазірдің өзінде «Amir Capital» мыңдаған адамның сенімін аяққа таптағаны аян.
Сот санкциясымен бұғатталған криптоактивтердің жалпы көлемі 10 миллион доллардан асады. Бірақ бұл қаражат зардап шеккендердің шығынын толық жаба ала ма? Өйткені нақты шығын көлемі әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Тергеу бір күдіктіні қамауға алды, ол екі айға уақытша ұстау изоляторында болады. Алайда жүйені құрғандар, ақшаны бұра тартып, қаншама отбасының өмірін өзгерткендер толық жауапқа тартылмайынша, қоғамның көңілі орныға қоймасы анық.