Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қаржы институты Abu Dhabi Commercial Bank-ке (ADCB) Қазақстанда жаңа әмбебап банк ашуға ресми лицензия берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Агенттіктің мәлімдеуінше, жаңа қаржы ұйымының нарыққа келуі президент Тоқаевтың банк секторындағы бәсекелестікті арттыру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Сондай-ақ шетелдік банктердің ел нарығына еркін кіруіне жол ашқан заңнамалық реформалардың нәтижесі деп бағаланып отыр.
Қазақстанда құрылатын жаңа банк әмбебап қызмет көрсетеді, бірақ қаржы операциялары исламдық қағидаларға да сай жүргізіледі. Осы мақсатта арнайы исламдық қаржы терезесі ашылмақ.
Жаңадан ашылатын банк Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) атауымен қызмет етеді. Бұл қаржы ұйымы Қазақстанда 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ADCB Ислам банкіне (2024 жылға дейін Al Hilal Bank деп аталған) еншілес құрылым ретінде тіркеледі. Әмірлік банктің негізгі акционері – Mubadala Investment Company мемлекеттік инвестициялық қоры.
Жаңа банктің келуі бұрыннан жұмыс істеп тұрған ADCB Ислам банкінің қызмет форматына қалай әсер ететіні әлі нақтыланбады. Осы мәселе бойынша банк тарапынан қосымша мәлімет күтілуде.
Айта кетейік…
Президент Тоқаев 2024 жылдан бері ел экономикасына кемінде үш ірі шетелдік банкті тартуды тапсырған болатын. Соның аясында катарлық Lesha Bank Bereke Bank-ті сатып алды, ал кореялық BNK микроқаржы ұйымы толыққанды банк лицензиясын иеленді. Қазақстан нарығында қазірдің өзінде Shinhan Bank (Корея), KZI Bank (түркиялық Ziraat Bank-тің еншілесі), америкалық Citibank, Bank of China және Қытайдың Алматыдағы Сауда-өнеркәсіп банкі жұмыс істеп тұр. Үшеуі корпоративтік клиенттерге ғана қызмет көрсетеді.
Ақпан айындағы мәлімет бойынша, ADCB Ислам банкі Қазақстандағы 23 банк ішінде активтері бойынша 21-орында тұр, активтерінің жалпы көлемі 244 миллиард теңге.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







