А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында қазақ әдебиетін оқытуда өзіндік мектеп қалыптастырған дара педагог, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұлт ұстазы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның 80 жылдығына арналған «Аңызға айналған ұстаз» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Шараға зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздың шәкірттері мен туған-туыстары, мектеп оқушылары, студенттер және кітапхана оқырмандары қатысты.
Жүректерге жол тартқан бұл шара – тек еске алу ғана емес, кемел тұлғаға тағзым, парасат биігінен үн қату болды. Кеш аясында Қанипа Омарғалиқызының шәкірт жүрегіне шырақ жаққан ұстаздық болмысы жайлы тағылымды естеліктер мен жүрекжарды лебіздер айтылды. Көрермен назарына Қанипа Омарғалиқызының өмір жолы мен ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегі жайлы бейнематериал ұсынылды.
Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалының директоры, жазушы, публицист Әлібек Қаңтарбаев ұлт ұстазының ұлағатты жолы, әдебиетке қосқан үлесі мен жаңашыл әдістемелік мектебі жайында пайымды пікірлерімен бөлісті.
«Қанипа екеуміз студент кезімізден таныс едік. Сол кездің өзінде ол қазақ тіліне, әдебиетіне, салт-дәстүріне деген адалдығымен көзге түсті. Оның батылдығы мен шешендігі ерекше болды. Осындай аты аңызға айналған тұлғаның есімін мәңгілікке қалдыру керек деп есептеймін – қала мектептерінің біріне оның есімі беріліп, ескерткіші орнатылса болар еді», — деді Әлібек Қалиұлы.
Ұлағатты ұстаздың көзін көрген, еңбегін бағалаған қоғам қайраткері Сағымбек Ақанов өз естеліктерімен бөлісіп, ұстаз бейнесін сан қырынан ашты. Ал С. Аманжолов атындағы ШҚУ филология ғылымдарының докторы, профессор, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева Хан апа жайында, оның ұстаздық жолы туралы сөз сөйледі. Қанипа апайдың шәкірттері Қуаныш Еркін мен Айбек Оралхан ұстаздары жайлы естелігімен бөлісіп, арнауын арнады.
Сонымен қатар, Қанипа Бітібаеваның туған сіңлілері Жаңыл, Бақыт және Бақытгүл Омарғалиқыздары әпкелері жайлы жүрекжарды сөз сөйлеп, отбасы, өскен ортасы, тұлғалық болмысынан сыр шертті.
Ұлан аудандық Балалар музыкалық мектебінің өнерпаздары кешті әсем әндерімен әрледі.
«Кеш соңында Жамбыл атындағы гимназия оқушылары Қанипа Бітібаеваға арналған Серік Ғабдуллаұлының «Алтын адам» атты өлеңін ерекше ықыласпен оқып, ұстаз рухына деген мәңгілік тағзымды жүрекпен жеткізді.
Айта кеткен жөн, Қанипа Бітібаеваның 200-ге тарта ғылыми-әдістемелік мақаласы, 41 кітабы жарық көрген. Ғалым-ұстаздың іс-тәжірибесі жөнінде бірнеше оқу фильмі түсіріліп, 2004 жылы «Дәуірдің дара ұстазы» атты кино-очерк жарияланған. 2013 жылы «Егіз өрім» педагогикалық эсселер жинағы жарық көрді. Кітаптың алғы сөзін ақын Ж. Әскербекқызы жазып, басылым Б.М. Сапарбаевтың қолдауымен жарық көрген еді. Бұл оның соңғы жұмысы болатын. Ұлы ұстаз 2014 жылы 9 қыркүйекте өмірден өтті.