Алакөлдегі туристік маусым бел ортасына жеткенде министрлер мен әкімдер-қаралар ұйқысынан ояна бастады. Қоғам белсендісі әрі бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың айтуынша Тоқаевтың түртпегі болмаса, шенділер Алакөлге аттап баспас еді.
Бұл туралы Ertenmedia хабарлайды.
Оның пікірінше, Туризм және спорт министрі қызметке келе сала ең алдымен Алакөлге барып, жағдайды өз көзімен көруі керек еді. Алайда министр Мырзабосынов алғашқы сапарын Бурабайдағы мультимедиялық кешеннен бастап, кейін Қарағанды, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы туристік нысандарды аралап кеткен. Сәуірде Маңғыстаудың туристік орындарын көріп қайтқан.
«Әрине, басқа өңірлерде де туризм бар, оларға көңіл бөлу керек. Бірақ Алакөлдің ауқымы да, адам саны да басымырақ қой. Сала басшысы осыны түсінбегені ме, әлде айналасындағы мамандар бұл мәселеге атүсті қарады ма?» – дейді сарапшы.
Бейсебаевтың сөзінше, Алакөлдегі түйткіл жеке-дара курорттың мәселесі ғана емес, тұтас елдегі туризм саласындағы басқарудың әлсіздігін көрсететін жағдай.
Шетелде демалатын шенділер қарапайым халыққа комфорттың керегі жоқ деп санайды.
«Мырзабосынов, мүмкін, спортқа жақындау шығар, туризмнің бүге-шігесін білмейтін болар. Десе де, министрліктегі басқа мамандардың туризмнен хабары болуы керек қой? Әй, бірақ олардың өзі жазғы демалысын Анталия мен Пхукетте өткізетін шығар. Алакөлдегі қарапайым қазақтардың қандай қиындыққа тап болатынын қайдан білсін?!», – дейді ол.
Президент Тоқаев та Алакөлдегі былыққа назар аударып, елдегі туризм саласын ретке келтіруді қатаң тапсырған болатын. Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларды анықтап, шара қолдануды талап еткен.
Тек содан кейін барып министр Мырзабосынов Алакөлге ат басын бұрған. Соның барысында жағажайдағы «жабайы туризмге» куә болған. Атап айтқанда құтқарушылар мен құтқару мұнарасының жоқтығы, жағажай жанындағы қаптап жүрген катерлер, әжетхана тапшылығы, сервистің төмендігі, қарапайым санитарлық талаптардың сақталмайтыны анықталған.