«APEC PetroTechnic» жоғары колледжі Қытайдың жетекші оқу орындарымен жасанды интеллект пен өндірістік білім беру саласында кең ауқымды серіктестік орнатты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық байланыс экономикалық бағыттан бөлек, адами капиталды дамыту, кәсіби мамандарды даярлау салаларына қарай да кеңейе бастады. Осы орайда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың Қытайға жасаған жұмыс сапары аясында маңызды кездесулер өтті. Чжэцзян провинциясының басшылығы және ірі өнеркәсіптік компания өкілдерімен кездесуде машина жасау, автокөлік өндірісі мен заманауи технологиялар бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Жоғары деңгейдегі кездесулерден соң кәсіптік-техникалық білім беру саласында нақты қадамдар басталды. «APEC PetroTechnic» колледжінің директоры Асылбек Нұрмышев бастаған делегация Қытайдың «Zhejiang Business College», «Hangzhou Xiaoshan Technical College» және «Tianjin Bohai Vocational Technical College» оқу орындарына барып, жергілікті білім жүйесімен, оқу бағдарламалары және заманауи зертханаларымен танысып қайтты. Сондай-ақ өндіріс пен білім берудің өзара байланысын қамтамасыз ету тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Қытайлық әріптестер жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, өндірістік автоматтандыру мен креативті дизайн бағыттарындағы озық тәжірибелерін бөлісті. Студенттерді WorldSkills және EuroSkills чемпионаттарына дайындау әдістемелері мен білім алушыларды ынталандыру тәсілдері қазақстандық тараптың қызығушылығын туғызды.
Қазақстан тарапынан әр колледжбен нақты бағыттарда ынтымақтасу ұсынылды. Атап айтқанда, жасанды интеллект, химиялық технологиялар мен өндірістік автоматтандыру салалары қамтылды. Бұл келісімдер Атырау облысындағы мұнай-газ саласы үшін қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік бермек.
Сапар қорытындысы бойынша «APEC PetroTechnic» колледжі мен Қытайдың үш колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы, қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту, оқытушылардың біліктілігін арттыру және студенттерді халықаралық кәсіби чемпионаттарға бірлесе дайындау қарастырылған.
Бұл қадамдар Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың нақты әрі табысты іске асырылып жатқанын көрсетеді. Жоспарланған жобалар екі елдің экономикалық дамуына оң ықпал ететін, заманауи талаптарға сай мамандар даярлауға жол ашпақ.
Жұмысшы мамандықтары жылы APEC PetroTechnic әлемдік тәжірибеге бет бұрды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

