Түркі дүниесіне тән, елдік пен бірліктің алтын арқауына айналған Құрылтай ұғымы тарихымызда ерекше маңызға ие. Оның түп тамыры тереңде, бабаларымыздың бағзыдан келе жатқан салт-дәстүрімен, мемлекеттік басқару мәдениетімен астасып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Белгілі ғалым, фольклортанушы әрі Түркі академиясының сарапшысы Ақеділ Тойшанұлының айтуынша, Құрылтай түркілер заманынан бері жалғасқан, Шыңғыс хан мен Алтын Орда дәуірінде шарықтау шегіне жеткен, халық пен биліктің арасын берік жалғаған, тарихи санамызда мықтап орныққан ерекше институт.
«Ел билеген хан мемлекет тағдырын таразыға салар кезде төрт тараптан халқымен ақылдасқан. Бектер мен билер, нояндар мен қолбасылар жиналып, ұлыстың тағдыры үшін бір шешімге келген. Заң қабылдап, жарғы бекітіп, маңызды мәселелерді талқыға салған», – дейді сарапшы.
Тарих не дейді?
Ғалымның сөзінше, «Құрылтай» сөзінің өзі көне түркінің «құралу», «құрама» деген сөзінен шыққан. Бұл халықтың бас біріктіріп, ортақ шешім шығаратын кеңесі. Көне түркі жазба мұраларында, соның ішінде әйгілі «Ырық бітік» кітабында да Құрылтай туралы деректер кездеседі.
Ақеділ Тойшанұлы Құрылтайдың ежелгі түркі заманынан жалғасып келе жатқанын нақты мысалдармен дәлелдейді. Мәселен, «Оғыз қаған» жырында:
«Оғыз қаған ұлық құрылтай шақырды.
Нөкерлерін ел-адамдарын жарлап шақырды.
Келіп кеңесіп отырды», – деген жолдар сақталғанын алға тартады ғалым.
Бұл жырдың көне ұйғырша қолжазбасын белгілі ғалым Нәпіл Базылхан аударып, қазіргі уақытта Париждегі Ұлттық кітапхана қорында сақталып отыр.
Құрылтай институтының маңызын әйгілі Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресінен» де көреміз. Онда билік бөлінісін реттеу, ел ішіндегі алауыздыққа жол бермеу мақсатында хан үлкен Құрылтай шақырып, ел-жұрттың ауызбіршілігін нығайту үшін шешім қабылдағаны баяндалады.
Ақеділ Тойшанұлы тарихи деректер арқылы Құрылтай институтының қазақ мемлекеттігінің қалыптасуында ерекше орны бар екенін атап көрсетеді.
«Қазақ хандығы тұсында Қасым ханның Қасқа жолы, Есім ханның Ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы сияқты дала заңдары дәл осы Құрылтай арқылы қабылданған. Хан сайлау дәстүрі де осы жиынмен жүзеге асып, жаңа сайланған ханды ақ киізге отырғызып көтерген», – дейді ғалым.
Бүдан бөлек…
Сондай-ақ ол, Алтын Орда тұсында Кетбұқа, Майқы билер қатысқан Ұлы Құрылтайлардың ел ішіндегі даулы мәселелерді шешудегі рөліне тоқталады. «Билер хан мен халық арасындағы алтын көпірдің рөлін атқарды», – деп пайымдайды фольклортанушы.
Ғалым қазіргі кезде Моңғолия Парламенті «Ұлы Хурал» атанып отырғанымен, «құрылтай» сөзі пассив лексикаға айналғанын айтады. Қазақстанда осы ұғым қайта жаңғырып, күнделікті қолданысқа ене бастағанын құптарлық үрдіс деп бағалайды.
«Біз Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, Ұлттық құрылтай, тіпті кәсіпорынның құрылтайшысы деген ұғымдарды күнделікті пайдаланып жүрміз. Демек, бұл атау бізге жат емес. Құрылтай институтын жаңғырту арқылы тарихи санамыз бен мемлекеттік дәстүріміздің алтын тінін қайта жалғап жатырмыз», – дейді ол.
Ақеділ Тойшанұлы Құрылтайдың мемлекет үшін маңызы өте зор деп отыр. Оның айтуынша, бұрынғы замандарда құрылтайда бекімеген заңның күші болмаған, сайланған хан заңды болып саналмаған.
Ғалымның пікірінше, құрылтай сөзінің мемлекеттік және саяси лексикаға қайта оралуы Қазақстанның өз дәстүрімен қайта қауышқанын көрсетеді.
«Біз көптеген терминді сырттан әкелдік. Ал өзіміздің төл саяси мәдениетімізді жаңғыртып, «Құрылтай» сөзін мемлекеттік дәрежеге көтергеніміз өте дұрыс. Бұл елдігіміздің белгісі. Орта держава боламыз десек, өзіміздің тарихи мұрамызды бағалай білуіміз керек», – деп түйіндейді Ақеділ Тойшанұлы.
Айта кетелік, Қызылорда өткен Ұлттық құрылтайда президент Тоқаев бірқатар саяси реформаның детальдарын жария еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

