АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні тікелей эфирде Иранға қарсы «Эпикалық қаһар» операциясының басталғанын жариялады деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірнеше апта бойы жалғасқан қатаң ескертуден кейін Ақ үй әскери қимылға кірісті. Трамп өз үндеуінде Тегеранды «жаппай терроризмге» айыптап, «Иранның зымыран өндірісін толығымен жойып жібереміз» деп мәлімдеді.
«Эпикалық қаһар» операциясының басталуына Иранның ядролық келісімге қатысты келіссөздерден бас тартуы түрткі болды.
Бұған дейін Трамп Иран басшылығына ядролық бағдарламаны тоқтатуға 10-15 күндік уақыт берген еді. Келісімге қол жетпеген соң АҚШ бірден соғысқа кірісті.
Операция АҚШ пен Израильдің бірлескен күштері арқылы жүзеге асырылып отыр. Израиль билігі соңғы айларда Ақ үйді Тегеранға қарсы шешуші соққы беруге ашық шақырған болатын. Ақпан айында Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Трампқа «Иранмен қандай келісім жасалса да, оның орындалатынына кепілдік жоқ» деп ескерткен.
Обама мен Байденнен қалған мұра
Тегеран мен Уашиңтон арасындағы ядролық дау бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Трамп президенттігінің алғашқы мерзімінде Барак Обаманың 2015 жылғы ядролық келісімінен бас тартып, Иранға қысымды күшейткен. Кейін Жо Байден ақсақал жаңа келісімге қол жеткізе алмады. Ақ үйге қайта оралған Трамп Иранмен дипломатиялық келіссөз жүргізуді қалағанымен, қажет болған жағдайда күш қолданатынын ашық білдірген еді.
Ирандағы ішкі саяси ахуал да АҚШ-тың осы қадамын жылдамдатқанға ұқсайды. Былтырғы жаппай наразылық кезінде мыңдаған адам қаза тауып, ел ішіндегі тұрақсыздық күшейген болатын. АҚШ билігі Иран режимінің әлсіреген сәтін пайдаланып, қазір шешуші соққы беруді ұйғарған сияқты.
Қазіргі таңда АҚШ пен Израиль Таяу Шығысқа екі авиатасымалдаушы жіберіп, өңірдегі әскери күшті арттырып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта әскери операция көлемі ұлғайып, аймақтағы шиеленіс одан әрі тереңдеуі ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







