Қытайлық China Energy компаниясы Қазақстанда жалпы құны миллиард доллардан асатын екі ірі энергетикалы жобаны қолға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен China Energy басшысы Сәо Сүбин Астанада кездесіп, жаңартылатын энергия саласындағы екі бірдей ауқымды жобаны іске асыруға келісті.
Оның біріншісі Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясын салу.
Екіншісі Қарағанды облысында қуаты 500 МВт-қа жететін жел электр станциясын тұрғызу. Екі жоба да Астана мен Бейжіңнің Бакуде өткен БҰҰ климаттық конференциясында жасасқан үкіметаралық келісімі аясында жүзеге асады.
China Energy жобаны жүзеге асыру барысында «Қазақтелекоммен» әріптес болады. Қазақстандық оператор осы жоба аясында деректерді өңдеу орталығын (Data-орталық) тұрғызады, ал оның энергия қажеттілігі толықтай жаңартылатын энергия көздері арқылы қамтамасыз етіледі.
Осылайша, қытайлық тарап Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін ғана емес, елдегі цифрландыру үдерісін де қаржыландырып отыр.
«China Energy компаниясымен орнаған серіктестік Қазақстан үшін тек қаржылай инвестиция емес, сонымен қатар озық технологияны тартудың нақты мысалы. Түркістан және Қарағанды өңірлерінде іске асатын проектілер Қазақстанның көміртегінен бейтарап болу жөніндегі стратегиялық мақсатына жасалған нақты қадам. Біз энергетиканы сақтау және «ақылды желілерді» дамыту бойынша серіктестігімізді кеңейту үшін үлкен мүмкіндік бар деп санаймыз», – деді министр Ерлан Ақкенженов.

