Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов журналистердің сауалына қызбаланып жауап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Хабар» телеарнасының журналисі реновация бағдарламасымен сатып алынған кейбір жаңа тұрғын үйлердің апатты жағдайда екенін, тіпті «құлауға шақ тұрғанын» айтқанда, әкім бірден эмоциясын жасыра алмады.
«Осындай қисынсыз сөздерді қайдан аласыздар? Біз сатып алған үйлердің қайсысы құлап жатыр, көрсетіңізші! Тұрғындардың бәрі риза. Мемлекет басшысының өзі реновация нысандарын аралап көрген», – деді әкім.
Ахметжанов сонымен қатар Қосшы қаласындағы әлі адам қоныстанбаған тұрғын үйлерде бірқатар мәселе барын мойындады. Бірақ жылу мәселесі қазірдің өзінде шешілген.
«Жылуға қатысты мәселені бүгін шештік. Әзірге циркуляция толық күшіне енген жоқ, бірақ қуаты 3 килокалория болатын қазандық салынды, жылу жеткілікті. Жыл соңына дейін пәтерлер тұрғындарға беріледі», – деді ол.
Әкім сатып алынған тұрғын үйлердің сапалы әрі жайлы екенін бірнеше рет қайталады.
«Бұл үйлерде кәсіпкерлер, коммерсанттар тұрады. Сіздер «құлағалы тұр» деп ешқандай дәлелсіз айтасыздар. Оның үстіне «Хабардан» мұндай негізсіз сауал қою орынсыз. Нақты факті келтіріңіздер», – деді Ахметжанов.
Сондай-ақ әкім Астана – Бурабай тас жолындағы дәретханалардың жабық немесе жұмыс істемей тұрғаны туралы сұраққа да ашуланды.
«Бұл ма, бұл жалған ақпарат. Өзім жеке аралап тексеремін. 230 шақырымдық жол бойында 28 дәретхана бар, барлығы «ҚазАвтоЖолдың» қарауында. Қандай шағым? Қай дәретхана жабық? Мұндай сауалды қайдан аласыздар?» – деді әкім.
Журналистің нақтылауына мүмкіндік берместен сөзін бөліп, Ахметжанов барлық дәретханалардың жұмыс істеп тұрғанын қайталап айтты.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Аудиттен ат-тонын ала қашқан әкімдер: Смайыловтың сабыры таусылып, сотқа арызданды

