Қазақстан «жаңа мұнайға» айналған сирек кездесетін металдың мол қорына иелік етеді. Ел аумағындағы сирек металл қоры 28,2 млн тоннаға жетеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
EnergyProm сарапшыларының дерегінше, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде екінші орында тұр. Бірінші орында 44 млн тонна қоры бар Қытай мемлекеті тұрса, АҚШ, Австралия және Ресей Қазақстаннан кейінгі орынға жайғасқан.
Сирек кездесетін метал смартфон, микрочип, тоқпен жүретін көлік, аккумулятор, лазерлік жабдықтар және әскери техника өндірісінде кеңінен қолданылады. Бір ғана электромобильді жасауға бірнеше келі сирек металл жұмсалады екен.
«Әлем елдері жасыл энергетикаға көшіп, қорғаныс саласындағы шығындарын арттырған сайын сирек металға деген сұраныс өндіріс көлемінен жылдам өсіп барады. Қазір олардың 70 пайыздан астамын өндіру мен 90 пайызға дейінгі өңдеу процесін Бейжің өз уысында ұстап отыр», – дейді сарапшылар.
Мысалы, 2024 жылы әлемде 379,9 мың тонна сирек металл өндірілген. Соның 270 мың тоннасын Қытай өндірсе, АҚШ 45 мың тонна, Аустралия мен Таиланд 13 мың тонна, Ресей небәрі 2,5 мың тонна өндірген.
Дамыған елдер сирек металдың жаңа көзін іздеп, Қазақстанға қызығушылық таныта бастады. АҚШ, Аустралия және Батыс елдері Қазақстанды перспективалы серіктес ретінде қарастырып отыр.
Мәселен, әмірикалық Cove Capital компаниясы «Тау-Кен Самұрықпен» бірлесіп Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеруге 1 миллиард доллардан астам инвестиция салмақ.
Әмірикалық тараптың жобадағы үлесі 70 пайызды құрап, өнім экспортын бақылау құқығы да соларда болады.
Бұған дейін еліміздің Индустрия және құрылыс министрлігі сирек металдың ірі қоры Қарағанды, Түркістан және Маңғыстау облысында орналасқанын мәлімдеген. Олардың ең ірілері:
Ырғыз учаскесі – 800 мың тоннаға дейін;
Бірнеше ай бұрын ашылған, көлемі бойынша ерекше деп бағаланған «Жаңа Қазақстан» кен орны – 20 млн тоннаға дейін жетеді.
Әйтсе де Қазақстан әзірге сирек металдарды өндірудің бастапқы кезеңінде тұр. Сарапшылар пікірінше, осындай мол қоры бола тұра, ел шикізат жеткізуші күйінде қалуы мүмкін. Себебі өндірістің негізгі технологиясы Бейжіңнің қолында шоғырланған.
Қазірдің өзінде «жаңа мұнайға» айналған сирек металдар нарығы 2030 жылға қарай 10 млрд долларға жетіп, 2040 жылға дейін тағы бірнеше есе өсуі мүмкін. Қазақстанда осы металдың 15-тен астам белгілі кен орны бар және тағы ондаған учаскеде геологиялық барлау жұмысы жүріп жатыр.
«Дегенмен, осы байлықтың жемісін көру үшін елге заманауи технологиялар, шикізатты ішкі нарықта терең өңдеу мен қуатты стратегиялық серіктестер қажет. Сонда ғана Қазақстан сирек металдар нарығында елеулі ойыншыға айналмақ»,- деп пайымдайды EnergyProm сарапшылары.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

