Президент Тоқаев құқық қорғау органдарының кәсіпкерлер жұмысына заңсыз араласуын қатаң сынға алып, мұндай әрекет мемлекет мүддесіне қайшы екенін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, бизнеске қолдан кедергі келтіру елдегі инвест ахуалды нашарлататын ауыр қылмыспен тең. Мемлекет басшысы осы бағытта көп жылдан бері қыруал іс атқарылса да, кәсіпкерлер мен «Атамекен» палатасынан әлі де арыз түсіп жатқанын атап өтті.
«Барлық құқық қорғау органдары мынаны анық түсінуге тиіс. Бизнестің заңды жұмысына тұмсық тығып, кедергі келтіру мемлекеттік мүддеге қарсы ауыр қылмыс. Бірінші кезекте Қаржы мониториң агенттігіне ерекше ескертемін», – деді Тоқаев.
Ақордаға жеткен маңызды инсайд
Президент өзінің атына өңірлерден түсіп жатқан маңызды инсайдпен те бөлісті.
Айтуынша, адал табыс тауып отырған кәсіпкердің жұмысына кедергі жасап, үстінен күн көргісі келетіндер әлі де бар. Ақорда әлгіндей әрекеттің үстінен түссе, жазасы қатал болмақ.
Тоқаев былтыр Қаржы мониториң тергеген істің 40 пайызы қылмыс құрамы болмағасын (айыбы дәлелденбеген) тоқтатылғанын сынады. Айталық өткен жылы агенттік қозғаған 2700 істің 1061-і дәл сол себеппен жабылған.
Президенттің айтуынша, осындай асығыс шешім бизнестің шығынға батуына, беделінің түсуіне алып келіп, қоғамдағы наразылық градусын ұлғайта түседі.
Бизнестің есігіне құлып салу — қателік
Мемлекет басшысы осы тұста кәсіпкермен қарым-қатынасты қайта қарап, бақылау мен қолдау арасында тепе-теңдікті сақтауды бұйырды.
«Ақшаға қатысты заң бұзу анықталса, компанияның есігіне құлып салып, жұмысын тоқтата салу дұрыс емес. Мұндай шара тек ерекше жағдайда ғана қолданылуы керек», – деді ол.
Президент сонымен қатар бизнестің өзі де жауапкершілікті сезіну керегін ескертті.
«Кәсіпкерлер заңды бұлжытпай орындап, салықтан жалтармай, түрлі әферадан аулақ болуы қажет. Алаяқтықтың ешбір түрі біз үшін қабылданбайды», – деді Тоқаев. Жиын соңында Қаржы мониториң агенттігіне кәсіпкердің мүддесін қорғауды басты назарға алып, жұмыс тәсілін қайта қарау тапсырылды.
Бизнес демекші, Қазақстанда бензин бағасы күрт көтерілуі мүмкін. Энергі министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша наурыздан кейін жанармай бағасы «ашық теңізге» шығады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

